Бұл орайда Астана қалалық Ішкі істер департаментінің табиғатты қорғау және ветеринарлық полиция тобы елорда аумағындағы саябақтарда және орман-дала алқаптарында өрттің туындауына жол бермеу және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік шара өткізді, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметінен Әйгерім Мұқанова.
Елорда айналасындағы аумақтарда 6 орман алқабы бар. Осы орман алқаптарында өрт қаупі туындаған кезде «Жасыл Аймақ» РММ, «Астана Орманы» МКМ, «Зеленстрой» АҚ, «Астана Тазалық» ЖШС, ІІД табиғатты қорғау полициясының және Астана қалалық ТЖД өртке қарсы күрес бөлімінің инспекторлары патрульдеу жұмысын жүзеге асырады.
Рейд барысында жергілікті халықпен және азаматтар жаппай демалатын саябақтарда алау жағуға тыйым салу, орман алқаптарына көлік құралдарының кіруіне шектеу салу, от ұшқынын сөндіретін құрылғылары жоқ өзге техникаларды пайдалануға тыйым салу, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарау және өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шараның ұйымдастырушылардың айтуынша, құқық бұзушылар Жасыл алқаптарды ұстау және қорғау ережесін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 300-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.