Ол бойынша қос палата арасында келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясы құрылатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасы халықтың, заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер мүлкінің қорғалу деңгейін олардың қауіпсіздігі жай-күйін бағалауды тәуелсіз сарапшы ұйымдар саласына енгізу жолымен арттыру мақсатында әзірленген. Сонымен бірге, құжат бойынша мемлекеттік өрт бақылау органдары жүзеге асыратын тексерістер санын қысқарту есебінен қорғау нысандарына әкімшілік жүктемені азайту және бақылау қызметінің нысандары мен әдістерін жетілдіру шаралары да қамтылады. Заңнамалық деңгейде сарапшы ұйымдарды аккредиттеу тәртібі, сарапшы ұйымдардың да, уәкілетті органның да қатерді бағалау саласындағы құқықтары мен міндеттері айқындалады.
Сонымен бірге, мемлекеттік өрт бақылау органдары жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бір бөлігін тексеруден босатады, олардың негізгі күші қауіптілігі жоғары және әлеуметтік нысандарды бақылауға қарай бағытталады. Құжатта қарастырылған нормалар арқылы кәсіпкерлік қызметті тексеру үдерістері біршама қысқарады. Бұдан бөлек, өртке қарсы ерікті құрылымдарды құру және олардың қызметін жүзеге асырудың тәртібі регламенттелетін болады.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлар бірқатар түзетулер енгізген болатын. Мәселен, құжатта адамдар жаппай жиналатын нысан ұғымы нақтыланып, толықтырылды. Сонымен қатар, сенаторлар жергілікті атқарушы органдардың өрт қауіпсіздігі саласындағы өкілеттіктері де айтарлықтай жетілдірді.
Бұндай бірқатар түзетулерге өз қарсылықтарын білдірген Мәжіліс депутаттары келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылдады.