Өрт қаупі кезеңі басталғаннан бері 261 орман өрті тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Өрт қаупі ережесін бұзған 3 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев айтты.
— Орман алқаптарында су шашу құрылғылары бар авиация кезекшілік атқарады. Бүгінде 24 борт дайындықта тұр. 26 орманшылықта министрліктің күштері 36 механикаландырылған күзет бекетін құрды. Табиғи өрттердің алдын алудың жаңа моделі өрт санын барынша азайтуға мүмкіндік берді. Еліміздің орман-дала алқаптарында алдын алу шараларын жүргізу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі, полиция және орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері қатарынан мобильдік топтар құрылды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 3 000 астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 52 млн 116 мың теңге айыппұл салынды, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, өрт қауіпі кезеңі басталғаннан бері барлығы 27 мың гектар алқапта 261 орман өрті болды. Сондай-ақ жалпы ауданы 14,5 мың гектарда 16 дала өрті және 1 357 жану оқиғасы тіркелді.
— Қазіргі уақытта өрт қауіпті кезеңі жоғары болып тұр. Елдің бірқатар аймағынында жоғары өрт қаупі дәрежесі сақталуда. Осыған байланысты, өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Өрт қаупі жоғары кезеңде елді мекендерде, ормандарда, егін жанында от жағуға тыйым салынады, — деді Ерлан Төрегелдиев.
Кеше Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің бірқатар өңірінде ыстық және құрғақ ауа райына байланысты өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталып отырғанын ескертті.