- Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында газ тарту жұмысын жалғастырудың маңызын атап өтті. Газ жабдықтарын орнату кезінде барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет. Газбен жылыту жүйесі бар әр үйде көгілдір отынның шығуын анықтайтын дабыл датчигі, сертификатталған қазандықтар мен құрылғылар болуға тиіс, - деді Олжас Бектенов.
Оның сөзіне қарағанда, газ қызметтері тұрғын үйлерде газды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау бойынша тиісті жұмысты ұйымдастыруға міндетті.
- Өңір әкімдіктеріне осы бағытта қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын, - деді Премьер-министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы әкімдіктер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын қараша айының соңына дейін жалғастыруы қажет екенін айтты. Бірінші кезекте, студенттер тұратын орындарды –жатақханалар мен хостелдерді, сондай-ақ білім беру нысандарын ерекше бақылауға алу керек.
- Мәдениет және ақпарат министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, профилактикалық материалдарды бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тарату мәселелерін пысықтасын. Жалпы, Төтенше жағдайлар министрлігіне жылу беру кезеңінде өрт жағдайларының алдын алу бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын тиімді үйлестіруді тапсырамын, - деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов өрт қауіпсіздігі мәселесі бойынша жауапты ведомстволарға рейд жүргізуді тапсырды.