Өрт кезінде 3 жастағы бүлдіршінді көршісі құтқарып қалды - Ақтөбе облысы

АҚТӨБЕ. 7 маусым. ҚазАқпарат - Темір ауданында 3 жастағы сәби ысты газға уланды. Алдымен қыз бала орталық аудандық ауруханаға жеткізілсе, кейін облыстық клиникалық балалар ауруханасына жатқызылды.

Қазір бүлдіршін ес-түссіз жатыр.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлағандай, 5 маусым күні АІІБ кезекшілік бөліміне қыздың уланғаны туралы мәлімет түскен.

Үйде сымдардың тұйықталуынан от шығып, кілем өртенген. Анасы жұмысқа, әжесі дүкен аралауға кеткен бала үйде жалғыз қалған. Бүлдіршінді оның көршісі ажалдан аман алып қалды. Ол құтқарушылар жеткенге дейін үйге есікті сындырып кіріп, сәбиді сыртқа алып шыққан.