Өрт салдарынан 3 үй, 2 техника өртенді – Нұрлан Ұранхаев

Фото: Фото: t.me/qr_tjm
АСТАНА. ҚазАқпарат – Семей орманы өртін сөндіруге кетіп, із-түзсіз жоғалды делінген Сергей Архиповтың тракторы табылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта өрт салдарынан 3 үй, 2 техника өртенді. Иіс тиіп уланған орманшылықтың 2 қызметкерінің жағдайы жақсаруда. Жоғалған тракторшы Архиповті іздеу жалғасуда. Кеше тракторы табылды. Полиция қызметкерлері оның орналасқан жерін анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», - деді әкім.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Успенск орманшылығының қаза тапқан 14 жұмысшысының отбасыларына көмек көрсетіліп жатқанын айтты.

«Бүгінгі таңда әрбір отбасына бюджеттен және бюджеттен тыс қаражат аясында қажетті көмектің дербес карталары жасалды. Сонымен қатар зардап шеккендерге көмек көрсету және өрт салдарына жою үшін «Ақ Ертіс» қайырымдылық қорында есепшот ашылды. Барлық төлемдер уақытылы және толық көлемде көрсетілетін болады. Апат және оның салдарын жою жұмыстары бақылауда», - деді Нұрлан Ұранхаев.

Абай облысындағы өрт аймағынан жоғалып кеткен Сергей Архиповтың тракторы табылғанын бұған дейін жазған болатынбыз.