Семей қаласы әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдайға байланысты Бородулиха ауданы Половинка, Талица және Бұлақ ауылдарындағы үйлерінен кетуге мәжбүр болған балаларға жазғы лагерьлерде тегін демалыс ұйымдастырылуда. Қазір олардың барлығы Семейдегі эвакуациялық пункттерде. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр.
Эвакуацияланған балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін күн сайын Абай музейіне, басқа да қалалық мұражайларға, биологиялық орталыққа, киноға, орталық саябаққа экскурсиялар өткізілуде.
«Күн сайын балалар үшін демалыс және ойын-сауық бағдарламалары әзірленуде. Сондай-ақ балаларға арналған №49 орта мектеп базасында мектеп лагері жұмыс істеп тұр. Онда білім беру сабақтарымен қатар оларға психологиялық қолдау көрсетілуде», - дейді эвакуациялық пункт өкілі Біржан Булабаев.
Қазіргі таңда Семейдегі эвакуациялық пункттерде 189 адам, оның ішінде 74 бала бар. Жалпы, қалада 800 адамға арналған 9 пункт әзірленді. Үйлерінен көшірілген тұрғындар мүлкінің сақталуын құқық қорғау органдары қадағалайды.