Өрт сөндіру саласында 25 жыл қызмет еттім – Қарлығаш Запевалова
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскеменде тұратын Қарлығаш Запевалова талай жылын азаматтық қорғау органына арнаған жан. Бүгінде 75-ке келген зейнеткер бір кездері өрт сөндіру бөлімін басқарған.
Қарлығаш Запевалова құрметті демалысқа подполковник шенімен шыққан. Жігерлі, қайсар мінезді әйелдің соңғы жұмыс орны – Өскемен қаласындағы №29 қосымша білім беру орталығы-мектебі. Ол жақта тәжірибелі маман балаларға төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік ережелерін үйретумен айналысқан.
«Азаматтық қорғау органындағы еңбек өтілім 1976 жылы басталды. Өрт қауіпсіздігі нұсқаушысы болып жұмысқа тұрдым. Біраз уақыттан соң қаладағы жиһаз комбинатының жанындағы №2 өрт сөндіру бөліміне ауыстым. Онда қызыл жалынмен қалай күресу қажеттігін жан-жақты меңгеріп, жиһаз комбинатын да бес саусағымдай біліп алдым. Оның қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ету қажеттігін де толықтай үйрендім. Осылайша, 3 жылдан кейін осы өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып тағайындалдым», - деп еске алды ол.
Нәзік жанды екеніне қарамастан, жұмысқа білек сыбана кірісіп, комбинат цехтарында болған барлық өртке барып отырған. Оның қарамағында 16 өрт сөндіруші жұмыс істеді.
«25 жыл ғұмырымды осы қызметке арнадым. Ерлердің жұмысы деп қорыққан емеспін. 2005 жылы ШҚО ТЖД кадр қызметі бөліміне жұмысқа ауыстым. Бұл бөлімде жас өрт сөндірушілерді қызметке қабылдаумен айналыстық. 4 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым», - дейді Қарлығаш Запевалова.
Қазір жасы 75-ке келсе де оның қимылы ширақ, санасы сергек. Жас буынға ақылын, көрген-білгенін айтудан шаршамайды.
«Ешқашан қиындықтан қорыққан емеспін. Қандай жағдай болмасын белді бекем буып, амал еттік. Ұлым Дмитрий менің жолымды қуып, зейнеткерлікке шыққанға дейін Өскемендегі өрт сөндіру бөлімінде тер төкті. Өз мамандығымды жақсы көрдім. Қазірге дейін ТЖД бөлімшелеріне барып тұрамын. Құтқарушыларға жол нұсқап, қолдау білдіремін. Тағдырыма ризамын. Өйткені мен өмір жолымда қайсар, жаны жайсаң адамдармен қызметтес болдым», - дейді зейнеткер.