Еске салсақ, 15 сәуірде Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Үкімет басшысының атына сауал жолдаған еді. Бұл ретте депутат құтқарушылардың қызметі кезінде өрт сөндіруге апарар жолдағы кедергілерді, соның ішінде автокөліктерді сүйреп шығаруға рұқсат беруді ұсынды.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында заңға сәйкес өрт сөндіру кезінде мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлері қажет болған жағдайда өрттің таралуын болдырмауға және өртті сөндіруге бағытталған шараларды қабылдау үшін жабық есікті, терезені, шатырды, сондай-ақ қоршау нысандарын бұзып ашуға құқылы екенін айтты.
Өртті сөндіру кезінде заңды әрекет еткен қызметкерлер келтірілген залалды өтеуден босатылатыны атап өтілген («Азаматтық қорғау туралы» Заңның 63-бабы). Өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарына сәйкес, шлагбаумдар тәулік бойы кезекші персоналы бар стационарлық бекетпен немесе оларды қолмен ашуға арналған құрылғымен қамтамасыз етіледі.
— Уәкілетті орган жолды бөгеп тұрған көліктерді қағып өтуге рұқсат беруді орынсыз деп санайды. Өйткені жолда кедергілер болған жағдайда, өрт сөндірудің түрлі әдістері бар. Бұл ретте, тығыз орналасқан нысандарда өрт шықса, іс-қимыл алгоритміне сәйкес полиция қызметкерлері өрт сөндіру бөлімшелерімен бірлесе отырып, өтуге кедергі келтіретін көліктерді мәжбүрлеп көшіруге (эвакуациялауға) шығады, — делінген Үкімет басшысының жауабында.
Қазіргі уақытта өрт сөндіру көліктерінің аулаға кіру ережесін реттейтін талаптар «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентінде ескерілген.
Премьер-министрдің сөзіне қарағанда, өрт қауіпсіздігі жүйесін нығайту үшін қазір Төтенше жағдайлар министрлігі құрылыс нормасына түзету енгізуді пысықтап жатыр. Бұл ретте өрт сөндіру құралдарын орналастыру үшін көппәтерлі үйлердің жанынан міндетті түрде арнайы алаңдар жасақталмақ. 15×6 метрден кем емес аумақта арнайы белгі орнатылады.
Еске салсақ, 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Оқиға кезінде пәтер ішінде бір отбасы болған. Өрт салдарынан үш бала мерт болып, олардың анасы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Осы өрт кезінде жол жүрісі қағидаларын бұза отырып тұраққа қойылған автокөлік жедел түрде оқиға орнынан алынып тасталды. Астана Полиция департаменті мәліметінше, көлік жүргізушісі анықталып, оған қатысты әкімшілік шаралар қолданылды.
Айта кетейік, Астанадағы тұрғын үй кешенінде өрттен зардап шеккен әйелдің жағдайы ауыр екенін жазғанбыз.