Орта білім мекемелерінде ең алдымен отандық тарихқа қатысты пәндерге ерекше назар аударылуы тиіс ? К. Бұрханов

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Орта білім мекемелерінде ең алдымен отандық тарих жөніндегі пәндерге ерекше назар аударылуы тиіс. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Оқу жүйесіндегі Қазақстан жастарына патриоттық тәрбие беруді дамыту және нығайту» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында баяндама жасаған депутат Камал Бұрханов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мектептерде оқытылатын пәндер бойынша Қазақстан тарихындағы барлық хронологиялық мәселелер, пәлсапа тарихтары ең алдымен мемлекетшілдік идеясына және түрлі тарихи дәуірлерде Қазақстан аумағында құрылған мемлекеттер тарихына терең негізделуі тиіс. Сонымен бірге, білім ошақтарында Қазақстан тарихына қатысты оқыту бағдарламасына сәйкес оқулықтарда қазіргі заманғы Қазақстан аумағындығы мемлекеттің қалыптасуы, мемлекетшілдік идеялары кеңінен қамтылуы тиіс. Бұның өзі бағдарламаларды қайта қарастыруды, оны оқыту әдісін өзгертуді қажет етеді», деді депутат. Оның айтуынша, Қазақстан тарихын оқытуда бірқатар тұжырымдар негізге алынуы шарт. «Мәселен, бұл бағытта оқушыларға Қазақстанның мемлекет құрушы ұлтының көптеген ғасырлық тарихқа ие екендігі анық, ашып түсіндірілуі тиіс. Бүгінгі қазақтар байырғы заманның жұрты болып табылатын сақтар мен ғұндардың ұрпағы екендігін, олардың Үйсін, Түрік қағанаты, Түргеш хандығы, Оғыз, Қарлұқ мемлекеттері, Монғол ұлыстары, Алтын орда, Ақ орда, Көк орда, Қазақ хандығы секілді мемлекеттердің негізін қалағандығы толық айшықталуы тиіс. Өйткені қазақ этносы қалыптасуының түп тамыры осындай хандықтар мен мемлекеттердің негізінде жатыр. Осыларды ескере отырып, қазіргі тарих пәндері бойынша маркстік-лениндік әдістемелерден бас тартып, атап айтқанда тарихты қазақстандық-әлемдік деп бөлетін әдістерді ысыра отырып қайта қарастыру қажет», деді К. Бұрханов.