Орта дәліз арқылы жүк тасымалы 22%-ға артты

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов 7–8 қыркүйек күндері Батуми қаласында өткен Грузия халықаралық теңіз форумына қатысты.

Фото: Kazinform

Министрліктің баспасөз қызметі мәлім еткендей, форум барысында халықаралық көлік дәліздерін дамыту, Еуропа мен Азия арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайту, сондай-ақ көлік саласын цифрландыру мәселелері талқыланды.

Форумның алғашқы күнінде Жәнібек Тайжанов «Теңіздерден дәліздерге: әлемдік сауданың жаңа географиясы» атты панельдік сессияда сөз сөйледі. Талқылау барысында Орта дәлізді дамытуға, теңіз, теміржол және порт көлігін өзара ықпалдастыруға, сондай-ақ халықаралық жеткізу тізбектерінің мобильділігі мен тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.

Вице-министр Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТХКМ) дамуындағы оң динамиканы атап өтті.

Фото: Көлік министрлігі

— Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша ТХКМ арқылы тасымал көлемі 22%-ға артты. Ал Шығыс–Батыс бағыты бойынша транзиттік тасымал 55%-ға өсті, — деді ол.

Сөз барысында көлік дәліздерін цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Форум қатысушыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік маршруттарының цифрлық картасын құру қажеттігі туралы ұстанымы таныстырылды. Оны енгізу халықаралық көлік дәліздері бойынша көлік инфрақұрылымын, логистикалық тізбектерді және жүк ағындарының негізгі қозғалыс параметрлерін кешенді түрде көрсетуге мүмкіндік береді.

Форум жұмысына мемлекеттік органдар мен теңіз әкімшіліктерінің басшылары, халықаралық ұйымдардың, порт саласының, көлік-логистика бизнесінің өкілдері және сарапшылар қатысты.

Іс-шара аясында порт инфрақұрылымын дамыту, теңіз көлігі саласындағы халықаралық ынтымақтастық, саланы цифрлық трансформациялау, навигация мен кеме қатынасы қауіпсіздігін жетілдіру, сондай-ақ теңіз секторында «бір терезе» қағидатын қолдану мәселелері де талқыланды.

Сонымен қатар Жәнібек Тайжанов форум аясында бейінді министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ бизнес өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, Орта дәліз арқылы жүк ағынын арттыру және көлік процестерін цифрландыру мәселелері талқыланды.

Бұған дейін хабарланғандай, қазақстандық теңіз порттарының жиынтық қуаты бүгінде 21,8 млн тоннаны құрайды, ал 2030 жылға қарай оны 30 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.