Орта дәліз арқылы жүк тасымалының көлемі артады

АСТАНА. KAZINFORM – 2 маусым күні Грузияның Ахалкалаки қаласындағы теміржол-логистикалық кешенде Баку–Тбилиси–Карс (БТК) теміржол желісінің жаңғыртылған бөлігін пайдалануға беру рәсімі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрлігі

Ашылу салтанатына Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе, Әзербайжанның цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев, Грузияның экономика және орнықты даму министрі Мариам Квривишвили және Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоглу қатысты.

Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері және өңірдің халықаралық серіктестері қатысты.

Грузияның Экономика және орнықты даму министрлігінің мәліметінше, Баку–Тбилиси–Карс теміржол желісі – Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысын нығайтуға бағытталған Әзербайжан, Грузия және Түркияның бірлескен стратегиялық жобасы.

Жаңғырту жұмыстары аясында ұзындығы 180 шақырым болатын Марабда–Карцахи учаскесі толық жаңартылды. Оның 153 шақырымы қайта жөнделіп, тағы 27 шақырым жаңа теміржол желісі еуропалық стандарттарға сай салынды.

Жоба толық қуатына шыққаннан кейін теміржолдың өткізу қабілеті жылына 5 миллион тонна жүкке жетеді деп күтілуде. Бұл Орта дәліз арқылы өтетін транзит көлемін едәуір арттырып, өңірдің Еуразиядағы негізгі логистикалық бағыттардың бірі ретіндегі позициясын күшейтеді.

БТК бағытының маңызы жаһандық сауда тізбектерінің қайта құрылуы, Қытай мен Еуропа арасындағы транзит көлемінің артуы және Транскаспий халықаралық көлік бағыты рөлінің күшеюі аясында айтарлықтай өсті.

Сарапшылардың пікірінше, жаңғыртылған учаскенің іске қосылуы контейнерлік тасымалдарды жеделдетуге, балама бағыттарға түсетін жүктемені азайтуға және Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінің экспорттық әрі транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Жаңартылған магистраль транзит уақытын қысқартады. Қазіргі уақытта Қытайдың Сиань қаласынан Еуропалық одақ шекарасына дейін жүк жеткізу 13–14 күнді алады. Бұл бағыт теңіз тасымалына қарағанда әлдеқайда жылдам әрі әуе тасымалына қарағанда экономикалық тұрғыдан тиімді.

Жобаның аяқталуы 18 мамырда грузиялық делегацияның Бакуге сапары кезінде Әзербайжан мен Грузия арасындағы екіжақты үйлестіру кеңесінің хаттамасына қол қойылғаннан кейін мүмкін болды.

Бұған дейін Әзербайжан мен Грузия алты жылдық үзілістен кейін теміржол қатынасын қайта жандандыратыны хабарланған еді.

Сондай-ақ жыл басында тараптар Грузияның Поти қаласы мен Баку арасында контейнерлік пойыз қатынасын іске қосты.