Яғни өзінің жеке кәсібін ұйымдастыруға ерлерге қарағанда, көбіне әйелдер бел буа кіріседі. Бұл мәселе жөнінде бүгін Астанада «Алматы қаласы мен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының үлгісіндегі халықтың өзін-өзі жұмыспен қамту жағдайы туралы» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтері бойынша, өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдер негізінен ұсақ-түйек сауда мен түрлі кәсіптермен айналысады. «Бүгінде елдегі өзін-өзі жұмыспен қамтуға қатысты мәселелердің арасында ең маңызды да өзектісі осы санаттағы азаматтардың заңдық мәртебелері мен олардың экономиканы дамытудағы рөліне қатысты болып отыр. Қазіргі таңда өзін-өзі жұмыспен қамту тек жұмыссыздықпен күрес шарасы ғана емес, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу құралы болып отыр. Осыған қарай өзін-өзі жұмыспен қамту, жалдамалы еңбектен кәсіпкерлікке ұласатын үдеріс ретінде қоғамның орта тобын қалыптастыруға негіз болатын шарттардың бірі. Әлемдік тәжірибе бойынша, үкімет те, ірі кәсіпорындар да мемлекетті қажетті жұмыс орындарымен толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан тұрғындардың өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесінде ұсақ, орта деңгейлі бизнесті дамытудың маңызы өте зор», деді вице-министр.
Оның пікірінше, орта деңгейлі кәсіп иелерін әлеуметтік тұрғыдан алғанда «көзге көрінбейтін азаматтар» деп атауға болады. Мемлекеттік құрылымдар үшін олар салық төлемдерін толтыру көзі. «Әрине, мұндай жағдайда олардың еңбек құқықтарының сақталуы жөнінде әңгіме қозғау мүмкін емес. Соған қарамастан, қоғамның тап осы тобындағы азаматтар тұтынушылармен тығыз байланысты жұмыс істейтін және тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен нарықтың жағдайын нақты көрсетушілер болып табылады. Сондықтан оларды бүгін заңды нарықтық алаңға алып шығу, мемлекеттің басты мақсаттарының бірі деп білемін», деді Б.Нұрымбетов.