Орта мектептің 9-сынып оқушысына кісі өлтірді деген айып тағылды - ҚР ІІМ

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Орта мектептің 9-сынып оқушысы Көкшетау қаласында кісі өлтірді деген күдік келтірілуде.

Бұл туралы бүгін елордада елдегі криминогендік ахуал жайында баяндаған ҚР ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков мәлім етті.

Оның айтуынша, Көкшетау қаласында 8 мамыр күні кешке көшеде кәсіби лицейдің екінші курс студентінің пышақ жарақаты бар мәйіті табылған.

Кейін жедел-іздестіру шаралары барысында күдік орта мектептің 9- сынып оқушысына түскен.

«Жанжалдасу барысында кісі өлтіргені үшін криминалдық полиция қызметкерлері осы қаланың тұрғыны, орта мектептің 9-сынып оқушысын ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады»,-деді Қ. Тыныбеков.

Жалпы мамыр айының алғашқы он күнінде еліміздің аумағында 47 кісі өлтіру қылмысы жасалған. Оның 42-сі ізі суымай ашылды.