«Ортақ ақша орта толтыра ма?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 13 наурыз, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

"Егемен Қазақстан" басылымы Қытайдың жемқорлыққа қарсы жойқын соғысы туралы көлемдi мақала жариялап отыр.

"Құбылыс Қытай басшылығы кезекті ауысқан 2012 жылы басталды. ҚХР-дың жаңа Төрағасы Си Цзиньпин тізгінді қолға алысымен бұрын болмаған жаңа науқанды жариялап жіберген. Қытай - науқансыз тұра алмайтын мемлекет", - деп жазады мақала авторы.

"Сыбайластықты тоқтатуға бағытталған бұл қадам бастапқыда экономикаға тұсау салды. Жаңа Төраға осындай Жарлық шашқан жылдың қорытындысында банкеттер саны үштен бірге, авиа­билеттер сату оннан бірге, қымбат заттарды сату төрттен бірге, қытайлық атқамінерлерінің сүйікті сусыны, шишасының бағасы 600 АҚШ доллары тұратын «Маотай» арағының өтуі үштен бірге кеміді. Тиісінше қазынаға түсетін салық азайды. Бірақ таразының екінші басына зер салған адам Си Цзиньпин ұстанымының жетістіктерін аңғарады. Сол алғашқы жылы бюджеттің шығыс бөлігі күрт азайтылыпты. Үкіметтік құрылымдар 40 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі шығынды үнемдеп қалған. Ал бюджеттік мекемелердің әлгіндей даңғазаларды азайтудан үнемдеген сомасы 156 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде. Бұл оңайға түспеді. Сақшылар кейде мейрамханалар мен қонақүйлерді аралап, төлем туралы түбіртектердің қай мекеме, кім деген адамның атына жазылғанын тексеріп отырған. Тіпті, мектептер тексерілген. Бұрын балаларын оқу орнына «Х5» БМВ-сымен тасығандар енді өзекті жарып шыққан жалғыз ұлдарын «Фавусик» атты көпшілікке арналған көліктен түсіріп жүр", - делiнген «Шеріден - шетін, шыбыннан - шығын» атты мақалада.

***

"Айқын" басылымы бүгiнгi санында жарияланған "Ортақ ақша орта толтыра ма?" атты мақаласында Еурзиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта туралы мәселенi көтерiп отыр.

«Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта болуы тиіс» деген әңгіме талай көтерілген. Тіпті бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ор­тақ ақша бірлігін «алтын» не болмаса «евраз» деп атаған жөн болар еді» де­гені бар. Ал биылдан бастап жұмыс іс­тей бастаған ЕАЭО-тың ортақ қар­жысы 2025 жылдары дүниеге келеді, сол кезде Орталық банк құрылады деп ке­лі­сілген. Десек те, осы аптада Кремль рес­ми түрде, Ресей президенті Владимир Путин орталық банк пен үкіметке қыр­күйектің 1-іне дейін Еуразия эконо­ми­калық одағына мүше елдердің орталық банктерімен бірлесіп ЕАЭО аясында валюта одағын құру мүмкіндігі туралы мәселені талқылауды тапсырғаны жө­нінде хабарлама таратты. Бұл қанша­лықты шындық? Жедел түрде Ресейге ортақ қаржы нарығын құру не үшін қажет болды? Расымен «ЕАЭО-да ортақ ақша бірлігі мерзімінен бұрын енгі­зілуі мүмкін бе?» деген әңгіме көпте­ген сарапшылардың болжамына та­мыздық болды", делiнген мақалада.

Қазақстандағы барлық облыс орталықтары «Балаларға дос қала­лар» тізіміне енді, деп хабарлайды "Айқын" басылымы "Балалар үшiн бары м ызды саламыз" атты мақалада.

Газеттiң жазуынша, Мемлекеттік хатшы, Прези­дент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төр­айы­мы Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ-ның Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Ю.Окса­мит­ныймен кездескен.

- Ел Үкіметі БҰҰ-ның Балалар құ­қықтары жөніндегі комитетінің ұсыным­дарын орындауға, атап айтқанда, юве­налдық юстиция жүйесін дамытуға, балаларды ауыр жұмысқа тартудың алдын алуға, жетім балаларға қатысты отбасы тәрбиесінің баламалы түрлерін енгізуге, мүгедек балалардың айрықша мұқтаж­дықтарын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдауда, - деді Гүлшара Наушақызы.

"ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный бір қызықты жайтқа назар аударды: «БҰҰ Балалар қоры ереже ретінде мемлекеттер үкіметтерінің қар­жылық ресурстарын пайдаланбайды. Бірақ Қазақстан үшін бұл ұстанымымызды өзгертуге бардық: Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыс­тарындағы бірнеше жобаны Үкіметтің қаржылық қолдауымен жүзеге асырдық. Бұл ретте арамыздағы ықпалдастық пен өзара түсіністік жоғары деңгейде екендігін атап өткім келеді. Яғни біз бұл елде аса қажетті «іс-қимыл еркіндігіне» қол жеткіздік» деді ол", - делiнген мақалада.

***

"Экспресс К" басылымы интеллектуалдық дарынға ие әйелдер арасында бала туу көрсеткiштерiн арттыратын жол ұсынып отыр.

"Қазақстан интеллектуалдық дарынға ие әйелдер арасында бала туу көрсеткiштерiн арттырудың жолдарын Сингапурден үйренгенi абзал. Астанада тұратын экономист Ораз Қайсендұллаев осылай есептейдi", - деп жазады "Экспресс К".

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Сингапурдың "экономикалық ғажайыбының" атасы атанған Ли Куан Ю жоғары бiлiмдi ерлерге аса дарынды қыздарға үйленудi ұсынып, осылайша халықтың интеллектуалдық деңгейiн көтерудi ойластырған болатын. Батыс тiлшiлерi Сингапурдың басшысын күлкi еттi, бiрақ ол өз сөзiнен бас тартпады. Көп ұзамай елде әлеуметтiк даму агенттiгi құрылады. Ол бiлiмдi қыздарға соларға сай жiгiттердi тауып берiп отырды.

"Негiзгi гендi бала анасынан алады", - дейдi экономист Ораз Қайсендұллаев. - Ли Куан Ю көреген басшы едi, ол жiгiттер жуас болғандықтан негiзiнен бiлiмсiз әйел алуға тырысқандығын байқаған. Бүкiләлемдiк статистика да мәз емес едi. Бiлiмдi 100 әйел шамамен тек 160 бала дүниеге әкелсе, бiлiмi жоқ қыздар шамамен 400 бала туатыны анықталған. Қазақстан үшiн де бұл мәселе өте өзектi. Себебi ол елдiң бәсекеге қабiлеттiлiгiне және ұлттың интеллектуалдық деңгейiне әсер етедi. Статистика бойынша, Қазақстанда 300 мыңнан астам "кәрi қыз" бар және олардың басым бөлiгi жоғары бiлiмдi қыздар".