Орталық архивте Бауыржан Момышұлының бұрын белгісіз болған құжаттары көрмеге қойылды

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Орталық мемлекеттік архивінде қазақтың даңқты қолбасшысы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына арналған «Бауыржан Момышұлы және жаңа архив деректері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

— Конференцияның мақсаты — Бауыржан Момышұлының әскери мұрасын, қолбасшылық өнері мен тұлғалық феноменін жаңа архив деректері негізінде қайта зерделеу. Конференция аясында Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметіне қатысты бұрын белгісіз болып келген түпнұсқа құжаттардан құралған арнайы архив көрмесі ұсынылды, — делінген хабарламада.

Іс-шараға тарихшы ғалымдар, қоғам және мәдениет қайраткерлері, ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшілері, студенттер, магистранттар, докторанттар және мектеп оқушылары қатысты.

Айта кетейік, биыл Мұхтар Әуезов пен Бауыржан Момышұлының кітаптары өзбек тіліне аударылады.