Орталық Азия басшылары мен Қытай төрағасы ықпалдастық мәселелерін талқыға салады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада «Орталық Азия — Қытай» ІІ саммиті өтеді. Оған өңірдегі 5 мемлекеттің басшылары мен Қытай Халық Республикасының төрағасы қатысады.
Айта кетерлігі, бірінші саммит 2023 жылдың 19 мамырда Қытайдың Сиань қаласында өткен еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып қатысқан сол саммитте Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйлеп, өңір мен Қытай арасындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқыға салған болатын.
Саммит қорытындысында Мемлекеттер басшылары Сиань декларациясына қол қойып, бірқатар бастаманы қабылдаған-ды.
Алғашқы саммитте Қазақстан Президенті аймақтағы ел басшыларының бірлескен күш-жігерін талап ететін ынтымақтастықтың мынадай бағыттарын айқындағаны есте:
— тауар айналымының көлемін арттыру;
— Орталық Азия мемлекеттері Қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» халықаралық сауда орталығының әлеуетін бірге пайдалану;
— электронды коммерция саласында өзара алыс-берісті арттыру;
— Орталық Азия елдері өнімдерін Қытай нарығына бірлесе шығару үшін сол елдің ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалану;
— Қазақстанда ашылған жаңа кеден қоймаларында серіктестердің тауарын сақтау;
— бұл жұмысты «С5+Сhina» бірыңғай электронды сауда платформасын енгізу арқылы үйлестіру;
— көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту;
— өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайту. Ол үшін Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеу;
— энергетика саласында, оның ішінде мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамыту;
— ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту. Ол үшін Орталық Азия мемлекеттерінің аграрлық әлеуетін тиімді пайдаланып, «Қорғас» халықаралық сауда орталығында Бірлескен азық-түлік хабын құру.
— трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану. Сол үшін Қытаймен бірге су шаруашылығы саласына жаңа технология енгізу жоспарын әзірлеу;
— мәдениет және білім ынтымақтастығын, сондай-ақ туризмді дамыту. Ол үшін «Жібек жолы» туристік операторларының тізімін жасап, топтық турлар үшін визасыз режим енгізіп, бірыңғай туристік кластер құру;
— аймақтың қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, Қазақстан көтерген бұл бастамалардың бәрі еліміздің жан-жақты ынтымақтастық пен мызғымас қарым-қатынасты нығайта түсуге ұмтылысын көрсетеді. Сол себепті тиімді серіктестіктің стратегиялық бағдары жалғастыра беру маңызды.
«Орталық Азия — Қытай» ІІ саммиті алдында, күні кеше елордада Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар іс-шара өтті. Нақтырақ айтар болсақ, «Орталық Азия — Қытай: Энергетика» форумы ұйымдастырылды. Форумда сөз сөйлеген Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, қазіргі кезде Қытай компанияларының қатысуымен жаңартылатын энергия бойынша 30 жоба жүзеге асырылып жатыр, жалпы қуаттылығы — 1700 МВт.
— Бүгінгі форум өзара әріптестігіміздің жаңа парағын ашып, энергетика, өнеркәсіп, ғылым және білім беру салаларындағы терең ынтымақтастыққа негіз болатын маңызды алаңға айналып отыр, — деді министр.
Ал «Орталық Азия — Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында Қазақстан мен Қытай жалпы сомасы 25 миллиард АҚШ долларына жуық шамамен 60 түрлі келісімге қол қойды.
Аталған іс-шара барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр аймақ нарығында қытай капиталының қатысуымен 10 мыңға жуық компания жұмыс істеп отырғанын айтты.
— Қазақстаның өзінде ғана қытайлық инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы 66 миллиард доллардан асатын 224 жоба іске асырылып, 50 мыңға жуық жұмыс орны ашылды, — деді вице-премьер.
Осы форумда трансшекаралық уран кенішін бірлесіп барлауға мүмкіндік ашатын келісімге қол қойылды.
— Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты мен Қытай геология университеті, CNNC геобарлау корпорациясы және Xiamen Wanli Stone Co., Ltd компаниясы трансшекаралық кен белдеулерін салыстырмалы түрде бірлесіп зерттеуге бағытталған негіздемелік келісімге қол қойды. Бастама аясында тараптар уран кені бар «Төменгі Іле ойпаты — Іле өңірі» белдеуін ядролық энергетика саласындағы орта және ұзақ мерзімді ынтымақтастық жоспарына енгізуге күш салады, — деп жазылған «Kazakh Invest» компаниясының мәліметінде.
Сондай-ақ бүгін Қытай мен Орталық Азияның «Тату көршілік және достық: болашаққа бірге қадам» атты гуманитарлық алмасу форумы ұйымдастырылды.
Форум барысында Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин Орталық Азия елдерінің әлеуеті мен Қытайдың аса ауқымды экономикалық мүмкіндіктерінің үйлесімі көпжақты ынтымақтастығымызға жаңа әрі жоғары серпін бере алатындығына тоқталды.
— Осылайша, Орталық Азия мен Қытайдың жақындасуы — тек қазіргі ынтымақтастықтың мәселесі емес, біздің елдеріміздің болашағына салынған стратегиялық инвестиция. Ақпарат, мәдениет және жаңа технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларымыз өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайта түсетініне сенімдіміз, — деді Ерлан Қарин.