Орталық Азия елдері арасында цифрлық қолтаңбаларды өзара тану ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азия елдерінің цифрлық жүйелерін өзара үйлестіру, электрондық құжаттар мен қолтаңбаларды өзара тану және жасанды интеллектіні қолданудың ортақ қағидаларын әзірлеу ұсынылды. Бұл мәселелер Астанада өткен «Орталық Азия елдерін цифрлық күн тәртібіне интеграциялау» атты өңірлік дөңгелек үстелде талқыланды. Kazinform тілшісі жиында көтерілген негізгі бастамаларға шолу жасады.

Фото: Kazinform

Цифрлық ықпалдастыққа қатысты ұсыныстар

Дөңгелек үстелге Орталық Азия елдерінің бизнес қауымдастықтары, IT-компаниялар, кәсіпкерлер, сарапшылар мен мемлекеттік сектор өкілдері қатысты.

Кездесу B5 1 ынтымақтастығының үшінші циклі аясында өтті. Жиында 2027 жылға арналған өңірлік бизнес күн тәртібіне енгізу ұсынылатын бастамалар қаралды. Соның ішінде IT-компаниялардың жұмысын жеңілдету және олардың өңір нарықтарына шығу мүмкіндігін кеңейту мәселелері талқыланды.

Бастамашылар Орталық Азияны бес бөлек нарық емес, 80 миллионнан астам халқы бар өзара байланысқан цифрлық өңір ретінде қарастыруды ұсынады.

Ортақ заңнама құру көзделмейді

Жиында қаралған негізгі құжаттардың бірі – Орталық Азия мемлекеттері арасындағы цифрлық саясат және жасанды интеллектіні басқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасы.

Жоба бес елге бірдей цифрлық заң қабылдауды немесе ортақ мемлекетаралық реттеуші орган құруды көздемейді. Әр мемлекет өзінің ұлттық заңнамасы мен цифрлық егемендігін сақтайды. Оның орнына елдердің қолданыстағы цифрлық жүйелерін біртіндеп өзара үйлестіру ұсынылады.

Атап айтқанда, электрондық құжат айналымы мен цифрлық сәйкестендіру, дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік және жасанды интеллектіні реттеу тәсілдерін үйлестіру қарастырылған.

Сонымен қатар электрондық құжаттарды, электрондық қолтаңбаларды және цифрлық сәйкестендіру құралдарын өзара тануға жағдай жасау ұсынылады. Бастамашылардың пікірінше, бұл бизнес үшін әкімшілік және құқықтық кедергілерді азайтып, цифрлық қызметтерді басқа елдерде ұсынуды жеңілдетуі мүмкін.

«TechnoWomen» үкіметтік емес ұйымының басқарма төрайымы Азиза Шужеева бастаманың мақсаты жаңа реттеу жүйесін құру емес екенін атап өтті.

– Біздің мақсатымыз – реттеудің тағы бір деңгейін құру емес. Біз Орталық Азия елдері арасында цифрлық көпірлер салуымыз керек. Егер электрондық құжаттар, цифрлық сәйкестендіру, деректерді басқару ережелері және жасанды интеллектіні қолдану тәсілдері өзара үйлесімді болса, технологиялық компаниялардың өңірдегі қызметін кеңейтуі айтарлықтай жеңілдейді, – деді ол.

Жасанды интеллектіні қолданудың ортақ қағидалары

Дөңгелек үстелде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалануға арналған этикалық кодекс жобасы да ұсынылды.

Құжатта бес ел үшін жасанды интеллектіні қолданудың ортақ этикалық қағидалары қарастырылған. Бұл ретте әр мемлекеттің ұлттық заңнамасының басымдығы сақталады.

Кодекс ұсынымдық сипатта болады. Ол ортақ ЖИ реттеушісін құруды, жасанды интеллект жүйелерін міндетті түрде сертификаттауды немесе аккредиттеуді көздемейді.

Жобаға сәйкес, жасанды интеллект адамның шешім қабылдауына көмектесе алады, бірақ оның жауапкершілігін алмастырмауы керек.

Адамның құқықтары мен мүдделеріне елеулі әсер ететін шешімді тек алгоритм арқылы қабылдамау ұсынылады. Сондай-ақ адам жасанды интеллектімен өзара әрекеттесіп отырғанын білуге, алынған нәтиженің түсіндірмесін сұрауға және мәселені адамның қарауын талап етуге құқылы болуы керек.

Жобада жасанды интеллектіні адамдарды зиянды әрекетке итермелеу үшін пайдалану, балалар мен басқа да осал топтардың осал жағдайын пайдалану, кемсітушілікке жол беру және дербес деректерді заңсыз қолдану қолайсыз тәжірибелер қатарына енгізілген. Оған алаяқтық немесе зиян келтіру мақсатында синтетикалық контент жасау да жатады.

Орталық Азия тілдеріндегі жасанды интеллект

Этикалық кодекс жобасында өңірдің тілдік және мәдени ерекшеліктеріне де назар аударылған.

Жасанды интеллект қызметінің сапасы пайдаланушының тіліне байланысты болмауы үшін өңір тілдеріндегі ресурстар мен деректер жиынтығын әзірлеу ұсынылады. Бұл ЖИ жүйелерінің қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен және өңірдегі басқа тілдермен тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасауды көздейді.

Құжатта алгоритмдік кемсітушіліктен қорғау, гендерлік теңдікті қолдау және әйелдердің ЖИ жүйелерін әзірлеуге, енгізуге және бағалауға қатысуын арттыру мәселелері де қамтылған.

Сонымен қатар технологияның балаларға, қарт адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға және ауыл тұрғындарына әсеріне назар аудару ұсынылған.

Мемлекет пен бизнес арасындағы диалог

Жиында мемлекеттік және жеке сектор арасында тұрақты диалог жүргізуге арналған өңірлік алаң құру ұсынылды. Онда цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы жаңа ережелерді әзірлеу кезінде оларды бизнес өкілдерімен талқылау көзделеді.

Сонымен қатар халықаралық технологиялық компаниялармен, бұлтты қызмет провайдерлерімен, байланыс операторларымен және инвесторлармен диалогты күшейту ұсынылды.

Мақсат – Орталық Азияға ауқымды инвестиция салуға кедергі келтіретін реттеуші және инфрақұрылымдық мәселелерді анықтау.

Бастамалардың негізгі мақсаты

Ұсынылып отырған бастамалар бес елдің цифрлық жүйесін бір жүйеге біріктіруді көздемейді. Әр мемлекет өзінің ұлттық заңнамасы мен цифрлық егемендігін сақтайды.

Ұзақ мерзімді мақсат – Орталық Азияда құрылған стартаптар мен технологиялық компаниялардың көрші елдерде жұмыс істеуін жеңілдету.

Бастамашылар Орталық Азияны бес бөлек нарық емес, өзара байланысқан өңір ретінде қарастыруды ұсынады. Олардың пікірінше, бұл технологиялық компаниялардың өңір елдеріндегі қызметін кеңейтуіне мүмкіндік береді.

Бұған дейін Қазақстанның IT-экспорты 1,1 млрд долларға жеткенін жазған едік.