Орталық Азия елдері Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары Өзбекстанда бас қосты
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Орталық Азия елдері Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары Самарқандта бас қосты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
UzA ақпарат агенттігінің мәліметінше, Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары терроризм, экстремизм, радикализм және трансұлттық қылмыстарға қарсы тұру бағытындағы жұмыстардың орындалуына тоқталып, келешек жоспарлардың барысын пысықтады. Іс-шара биыл қыркүйекте Өзбекстанда өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуі қарсаңында ұйымдастырылды.
— Өзбекстан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне төрағалық ете отырып, өңірлік ынтымақтастыққа аса мән бермек. Атап айтқанда, қауіпсіздікті нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету, көлік-логистикалық жобаларды іске асыру және өзге де өзекті мәселелер бойынша тиімді шешім іздеуге күш салады, — делінген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің аталған форум қатысушыларына арналған хатында.
Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларына былтыр Астанада өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінде Шавкат Мирзиёев ұсынған бастама негізінде әзірленген Өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасы таныстырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша тиісті хаттама қабылданды, сондай-ақ тараптар ынтымақтастықты ілгерілетуге уағдаласты.
Қоса кетейік, 16 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы қазіргі жаһандық экономикадағы ахуалдың тұрақсыз сипат ала бастағанын, сондықтан кез келген жағдайға дайын болу қажет екенін атап өтті.