Орталық Азия елдері Қазақстанның су саласындағы бастамаларын талқылады
АСТАНА. KAZINFORM – Душанбеде Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 92-інші отырысы өтті.
Жиынға Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Тәжікстан Республикасының Энергетика және су ресурстары министрі Далер Джума, Түрікменстанның Мемлекеттік су шаруашылығы комитетінің төрағасы Дурды Генджиев, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев қатысты. Қырғыз Республикасынан бақылаушы ретінде Қырғыз Республикасының Тәжікстандағы Елшілігінің кеңесшісі Улан Абдыкеримов болды.
Отырыста 2025-2026 жылдардағы вегетацияаралық кезеңде Сырдария және Әмудария өзендері бассейндеріндегі су алу лимиттері мен су қоймаларының жұмыс режимдері қаралды. Сонымен қатар Аралды құтқару халықаралық қоры құрылтайшы мемлекеттері басшылары саммиттерінде қабылданған шешімдерді іске асыру барысы талқыланды.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған су саласындағы бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Бұл бастамалар ұлттық реформаларды үйлестіруге, суды есепке алудың ашық жүйесін дамытуға және деректермен жүйелі алмасуға, сондай-ақ өңірлік тетіктердің тиімділігін арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысы Орталық Азияда су пайдалануға қатысты Рамалық конвенция қабылдауды ұсынды. Бұл бастама өңірлік үйлестіруді нығайтуға, климаттың өзгеруіне бейімделу жолындағы күш-жігерді біріктіруге және су ресурстарын тұрақты басқаруды ілгерілетуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты тараптарды аталған бастаманы қолдауға шақырамын, – деді министр.
Нұржан Нұржігітов сондай-ақ әріптестерін 22–24 сәуір күндері Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке белсенді қатысуға шақырды. Саммит аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі «Орталық Азиядағы су ресурстарын тұрақты басқару: бастамалардан бірлескен іс-қимылға» және «Климаттың өзгеруі жағдайында Орталық Азияда су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру» тақырыптарында екі арнайы сессия ұйымдастырады.
МСШҮК-ның 93-інші отырысын 2026 жылдың сәуір айында Өзбекстанда өткізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Қызылорда облысында 10 мектепте «Су клубтары» ашылды.