Талқылаудың негізгі тақырыбы 2026–2030 жылдарға арналған Орталық Азия елдерінің денсаулығы мен әл-ауқатын қорғау жөніндегі Жол картасын (ОАЖК 2.0) одан әрі ілгерілету, сондай-ақ оны саяси тұрғыда бекіту және практикалық іске асыру тетіктері болды. Кездесу барысында өңір елдері ОАЖК 2.0-ді іске асырудың келесі кезеңіне өтуге дайын екенін растады.
Оның ішінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту, денсаулық сақтау жүйелерінің орнықтылығын нығайту, төтенше жағдайларға дайындықты арттыру, кадрлық әлеуетті дамыту, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы бірлескен инвестициялық бастамаларды ілгерілету мәселелері қамтылды.
Кездесуде сөз сөйлеген Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан Жол картасын бірыңғай өңірлік денсаулық сақтау архитектурасын қалыптастырудың және Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің практикалық құралы ретінде қарастыратынын атап өтті.
- Бүгінде Орталық Азия өңірлік өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін және денсаулық сақтау мен орнықты даму мәселелерін бірлесіп шешуге деген ұмтылысты көрсетіп отыр. Бізде алға жылжу үшін барлық қажетті алғышарттар бар: саяси ерік, елдер арасындағы сенім, халықаралық әріптестердің қолдауы және денсаулыққа салынған инвестиция – өңірдің орнықты болашағына салынған инвестиция деген ортақ түсінік, – деп атап өтті ведомство басшысы.
Кездесу барысында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Қазақстан 1978 жылғы Aлматы-Aстана декларациясы мен 2018 жылғы Aстана декларациясы мұрасына сүйене отырып, халықаралық деңгейде МСАК қағидаттарын ілгерілетуге бейілділігін растады. Бұл құжаттар қазіргі заманғы медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесінің жаһандық негізіне айналды. Сондай-ақ Алматы қаласындағы ДДҰ-ның Еуропалық МСАК орталығының қызметі жеке талқыланды.
Бүгінде бұл орталық сараптамалық қолдау көрсету, мамандар даярлау және алғашқы медициналық-санитариялық көмектің заманауи тәсілдерін енгізу бойынша негізгі өңірлік платформалардың бірі саналады.
Кездесу шеңберінде Қазақстан МСАК бойынша елдердің жаһандық коалициясын одан әрі ілгерілетуге және ДДҰ мен халықаралық әріптестермен практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін де растады.
Талқылау қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері мен ДДҰ 2026–2030 жылдарға арналған ОАЖК 2.0-ді саяси тұрғыда рәсімдеу және толыққанды іске қосуды қамтамасыз ету бойынша қадамдарды одан әрі үйлестіруге дайын екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, ДДҰ Эбола вирусы сирек штамының таралуына байланысты дабыл қақты.