Орталық Азия – Қытай: БАҚ интеграциясының жаңа кезеңі
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада «Қытай – Орталық Азия» ақпарат агенттіктерінің форумы өтті. Іс-шараны «Синьхуа» ақпарат агенттігі ҚР Президенті Телерадиокешенінің қолдауымен ұйымдастырған.
Форум қарсаңында ҚР Президенті Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен «Синьхуа» ақпараттық агенттігінің Бас директоры Фу Хуа екіжақты кездесу өткізді.
Тараптар жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайту, Орталық Азия мен Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдарының халықаралық ақпарат кеңістігіндегі үнін күшейту, адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын құру процесіндегі өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Форумның ашылуында ҚР Президенті Телерадиокешенінің директоры Раушан Кажыбаева күн тәртібіне шығарылған мәселелердің өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.
Медиахолдинг басшысының айтуынша, Орталық Азия мен Қытайды тек географиясы мен экономикасы емес, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан мәдени қауымдастық, ортақ дәстүрлер мен бейбітшілікке деген ұмтылысы біріктіреді. Жүздеген жылдар бойы Ұлы Жібек жолы Еуразия кеңстігіндегі орасан зор өзгерістердің катализаторы болды. Ал бүгінде бұл рөлді «Бір белдеу – Бір жол» жобасы атқарып отыр. Оны алғаш рет Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мырза 2013 жылы Астанада жариялаған.
– Біздің елдер сауда-экономика, көлік-логистика салаларында ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Алайда, бір-бірімізді жақынырақ тануға мүмкіндік беретін ортақ ақпараттық және мәдени кеңістік құру да сондай маңызды, – деді Раушан Қажыбаева, БАҚ-тың қоғамдық көңіл-күйді қалыптастыруда, жаңа идеялармен және құндылықтармен алмасудағы маңызды рөліне назар аудара отырып.
Осы тұрғыда Kazinform Қытайдың әлеуметтік желілеріндегі белсенділігін арттырып келеді. Агенттіктің Weibo және WeChat платформаларындағы ресми аккаунттары Қазақстан жаңалықтарын жедел әрі тиімді таратуға, оны кең аудиторияға қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
– Жақында Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті өңіріміздің елдері мен Қытай арасындағы қатынастарды дамытуға стратегиялық бағыт беріп отыр. Ақпарат құралдарының міндеті – осы бастамаларды ақпараттық кеңістікте қолдап, ілгерілету. Бұл өз кезегінде елдеріміз арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтуға ықпал етеді, – деді Раушан Қажыбаева.
«Синьхуа» ақпарат агенттігінің бас директоры Фу Хуа Қытай мен Орталық Азияның бес мемлекетінің ақпарат құралдары арасындағы ынтымақтастық нәтижелерін жоғары бағалап, бұл өзара түсіністік пен халықтар арасындағы достықты тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті.
– Осы форумдағы мүмкіндікті пайдаланып, ынтымақтастықты талқылай аламыз, Қытай мен Орталық Азия ақпарат агенттіктерінің үнін бүкіл әлем естуі үшін даму бағыттарын бірлесе жоспарлап, күш-жігерімізді біріктіре аламыз. Бұл ортақ тағдыр қауымдастығын құруға ақпарат агенттіктері қоса алатын үлесті арттырады, – деді Фу Хуа.
Оның айтуынша, өзара іс-қимылды нығайту мақсатында «Синьхуа» Жаһандық Оңтүстік елдерінің БАҚ және сараптамалық орталықтары арасындағы әріптестік бағдарламасын әзірлеген.
– Біз Жаһандық Оңтүстік елдерінің, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттерінің БАҚ, сараптамалық орталықтары, мемлекеттік мекемелері, компаниялары мен жоғары оқу орындарының түрлі саладағы практикалық ынтымақтастығын ілгерілетуге белсенді қатысады деп үміттенеміз, – деді «Синьхуа» ақпарат агенттігінің Бас директоры.
Сонымен бірге, диалог алаңында Қырғызстанның «Кабар», Тәжікстанның «Ховар», Түрікменстанның «Медиа-Туркмен» және Өзбекстанның Мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің басшылары сөз сөйледі.
Тараптар екіжақты және көпжақты гуманитарлық байланыстарды дамыту, бірлескен жобаларды ілгерілету, контент алмасу, кадр даярлау, БАҚ әлеуетін нығайту және «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында ресурстарды бірлесіп пайдалану мәселелерін талқылады.
Форумға қатысушылар жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы жағдайында кәсіби қызметтегі жаңа тәсілдерге тоқталып, этикалық нормалар мен жоғары кәсіби стандарттарды сақтау қажеттігін қолдады.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Президенті телерадиокешені мен «Синьхуа» ақпарат агенттігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатта жаңалық контентімен алмасу, бірлескен тренингтер мен семинарлар өткізу, мультимедиалық өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын дамыту, сондай-ақ ақпаратты ұлттық және халықаралық деңгейде ілгерілету көзделген.
Айта кетейік, Президент Орталық Азия – Қытай ақпарат құралдарының форумына құттықтау жолдады.