«Орталық Азия – Қытай» форматының ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу қажет - Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» форматының 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу қажет деп санайды. Бұл туралы Президент елордадағы «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитінде айтты.
Мемлекет басшысы «Орталық Азия-Қытай» Хатшылығы қызметіне қатысты ұсыныс айтты.
- Бұл форматты дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді стратегиясын әзірлеу маңызды деп санаймыз. Хатшылыққа жауапты миссия жүктеліп отыр, яғни бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жәрдемдесу, ынтымақтастықты арттыру және сауда рәсімдерін үйлестіру бойынша ұсыныстар енгізу іс-шараларына назар аударуы қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, бүгінгі Саммит елдеріміздің тату көршілік қатынасты, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты дамуға мүдделі екенін растады.
Мемлекет басшысы жиын барысында айтылған ұсыныстар мәңгі достық пен стратегиялық серіктестікке берік негіз қалайтынына сенім білдірді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті жұмысын бастады.