Орталық Азия мен АҚШ ынтымақтастықты нығайта түсуге ниетті
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан астанасында Орталық Азия мен АҚШ сарапшыларының алғашқы форумы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ауқымды іс-шара Орталық Азия халықаралық институтының ұйымдастыруымен өтті. Оған өңір елдері мен АҚШ-тан келген белді саясаттанушылар, компания жетекшілері, мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Форум барысында сарапшылар «С5+1» форматының жұмысын жандандыру, аймақтық қауіпсіздік, бизнес және сирек кездесетін минерелдар саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
— Біз өңірдің географиялық орналасуын тиімді пайдалануымыз керек. Солтүстіктегі көршіміз геосаяси жағдайларға байланысты транзиттік аймақ мәртебесінен айырылды. Демек бұл міндет Орталық Азияға жүктелді. Қытай мен Еуропаның арасын жалғайтын дәлізге айналып отыр. Тиісінше, транзиттік әлеуетті экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалана білу жолдарын іздестіру маңызды, — деді Kazinform тілшісіне сұхбат берген қырғызстандық саясаттанушы Шаирбек Джураев.
Сарапшылардың пайымынша, аймақ елдерінің Орта дәлізді дамытуға мән бергені орынды. Қазіргі уақытта бұл бағыттың әлеуеті толық пайдаланылып жатқан жоқ.
— Форум барсында Орталық Азия мен АҚШ арасындағы ықпалдастық стратегиясы қайта қаралды. Атап айтқанда, экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін жобаларға ерекше назар аудардық. Ол үшін бірінші кезекте көлік-логистика саласын дамыту қажет. Бұл ретте Транскаспий дәлізінің инфроқұрылымын жақсарту, оның жүк өткізу қауқарын арттыруға мән берген орынды. Аталған бағыт Еуропа мен Шығысты байланыстыратын стратегиялық мәртебеге ие. Сондықтан оны дамытуға аймақ елдері мен АҚШ тарапы қолдау білдіріп отыр, — деді Орталық Азия халықаралық институтының жетекші ғылыми қызметкер Шавкат Алимбеков.
Өзара сенім мен тату көршілікке негізделген ынтымақтастық, тұтас аймақтың интеграциясы өңірдің халықаралық аренадағы орнын айшықтай түседі. Сарапшылар атап өткендей, аймақтану үрдісіне бет алу Орталық Азияны әлемдік державалармен тең дәрежеде диалог жүргізе алатын мәртебеге шығарып, ықтимал түйткілдердің алдын алуға сеп болады.
— Көптеген қатер мен тәуекелдің алдын алуға бағытталған логикалық шешім — ол аймақтану үрдісіне бет алу, яғни Орталық Азияға халықаралық қарым-қатынас жүйесінің біртұтас бөлігі ретінде қарау керек. Бұл бағытта ауқымды істер атқарылып жатыр. Мәселен, Мемлекет басшыларының Консультативтік кездесуі — осының жарқын көрінісі. Биыл жетінші отырыс өтеді. Менің ойымша, бүгінде өңір елдері арасындағы серіктестік институционалдық интеграцияға ойысып келеді. Біртұтастық — түрлі геосаяси тұрақсыздықтың алдын алып, ілгерілеуге мүмкіндік беретін құрал, — деп мәлім етті белді өзбекстандық саясаттанушы Фарход Толипов.
Форумының қортындысы бойынша сарапшылар мемлекеттік органдар мен ел үкіметтеріне ұсыныстар әзірлеуге уағдаласты. Сонымен қатар, мұндай басқосуларды дәстүрлі түрде ұйымдастырып отыруға келісті.
Қоса кетсек, бұған дейін өзбекстандық сарапшылар Қазақстанның дамуы бүкіл Орталық Азияның ілгерілеуіне ықпал ететінін айтып еді.