Орталық Азия мен басқа елдердің бақылаушылары Венесуэладағы сайлау туралы пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Боливариандық Венесуэла Республикасында 27 шілде күні өткен муниципалдық сайлауларда билік партиясы жеңіске жетті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Венесуэланың Ұлттық сайлау кеңесінің алдын ала мәліметтері бойынша, билік басындағы Біртұтас социалистік партия 29 муниципалитеттің 23-інде жеңіске жетіп, 335 сайланбалы мандаттың 285-і бойынша басымдықты сақтап қалды. Жалпы 6,27 миллион адам дауыс беріп, сайлаушылардың қатысу деңгейі 44%-дан асты.
Сайлау барысын 1400-ге жуық жергілікті және 80-нен астам елден келген 300-ден астам халықаралық бақылаушы қадағалады. Бақылаушылар арасында Қазақстан, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, АҚШ, Италия, Испания, Португалия, Норвегия, сондай-ақ Латын Америкасы мен Африка елдерінің өкілдері болды.
Бұл сайлау науқанының ерекшелігі — жастардың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуға қатысуын арттыруға бағытталған үздік жастар жобаларына дауыс беру жүйесінің енгізілуі болды. Сайлаушылар бір сайлау учаскесінде бір мезетте әрі өз кандидаттарына, әрі үздік жастар жобаларына дауыс берді.
Kazinform тілшісі сайлау өтіп жатқан жерден халықаралық бақылау миссиясының қатысушыларымен сұхбат жүргізіп, Венесуэладағы сайлау процесі туралы пікірлерін білді.
АҚШ бақылаушысы Джексон Хинкл Венесуэла мен АҚШ-тағы сайлау процесін салыстырып, екі елдің айырмашылықтарына назар аударды.
— АҚШ-тың бұрынғы президенті Джимми Картер Венесуэладағы сайлау ашықтығының жоғары деңгейі туралы айтқан болатын. Өзім бақылаған процесте байқағаным, бұл елдегі сайлау учаскелерінде қолданылатын техникалық шешімдер кейбір жағынан АҚШ-тан озық. Бізде әлі де сайлаушылардың қолтаңбасымен берілетін қағаз бюллетеньдер қолданылады, — деді ол.
Түркиялық саясаттанушы Хусаметтин Аслан халықаралық бақылау миссиясы аясында бір сайлау учаскесіне барып, онда дауыс берудің тыныш әрі қалыпты өткенін атап өтті. Сондай-ақ ол оңшыл саяси күштердің бір бөлігі сайлауға бойкот жариялап, қатысудан бас тартқанын да еске салды.
Көптеген халықаралық бақылаушылар азаматтарды тану үшін қолданылатын көпдеңгейлі жүйеге назар аударды: оған биометрия, тіркеу журналындағы саусақ ізі, электрондық және қағаз деректерді салыстыру секілді элементтер кіреді.
Қырғызстандағы Әлемдік саясат институтының директоры Шерадил Бактыгулов Каракастағы сайлау учаскесінде болып, Венесуэладағы сайлау процесінің ерекшеліктерін атап өтті.
— Біз Венесуэлада аралас дауыс беру жүйесін көрдік: лауазымды тұлғаларға электронды түрде, ал жастар бастамаларына қағаз арқылы дауыс беріледі. Бұл — Қырғызстанда әлі қолданылмайтын жаңалық. Бізде электронды дауыс беру тек президенттік және парламенттік сайлауларда қолданылады, — деді ол.
Қазақстандық бақылаушы, Аймақтық интеграцияны зерттеу институтының директоры Таиссия Мармонтова халық пен жергілікті өзін-өзі басқару органдары арасындағы тікелей өзара іс-қимылдың жаңа тетіктері қалыптасып жатқанын атап өтті.
— Муниципалдық сайлауда сайлаушылар өздерінің дауыс беруінің маңызын жақсы түсініп келген. Қауіпсіздік жағдайы күрделі болғанына қарамастан, мемлекеттік органдар тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін үлкен күш салғаны байқалды. Ерекше назар аударарлық жайт — жастар жобаларына дауыс беру, бұл халыққа тек өкілдерді сайлау емес, жергілікті даму басымдықтарын қалыптастыруға да қатысуға мүмкіндік береді, — деді ол.
Бұл муниципалдық сайлау — Боливариандық Республика жарияланған сәттен бері 33-сайлау науқаны болып саналады. Ол 2024 жылғы шілдеде Николас Мадуро қайта президент болып сайланғаннан кейін, 2025 жылғы мамырда өткен парламент сайлауымен жалғасқан саяси жүйені жаңарту цикліне нүкте қойды.
Бұған дейін қазақстандықтардың Венесуэладағы сайлауға бақылаушы ретінде қатысатыны хабарланған болатын.