Орталық Азия мен Қытай қарым-қатынасы қай бағытта дамымақ

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан астанасында экономикалық және саяси талдау орталықтарының «Орталық Азия – Қытай» IV форумы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Іс-шараға Орталық Азия елдері мен Қытайдың саяси-экономикалық талдау орталықтарының жетекшілері, дипломаттар және халықаралық сарапшылар қатысты.

Форум аясында саясаттанушылар және экономистер Орталық Азияның 5 мемлекеті мен Қытай арасындағы қауіпсіздік, цифрлық экономика, саясат, экология және гуманитарлық мәселелер бойынша ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Қытай – Қазақстанның маңызды сыртқы саяси серіктесі. Осы ретте аталған мемлекеттің бізге, біздің Қытайға қатысты позициямызды анықтап алу қажет. Үкімет қандай да бір шешімді қабылдамас бұрын, әуелі сарапшыларға жүгінеді. Тиісінше, мамандар арнайы талдау жүргізіп, билікке ұсыныс әзірлейді. Сондықтан біздің міндетіміз – екі ел арасындағы қарым-қатынастың тәуекелдері мен мүмкіндіктерін өз уақытында анықтап отыру», - деп ойын ортаға салды Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Асқар Нұрша.

Бүгінде Орталық Азия елдері өзінің жеке мүдделеріне сай мәселелерін Қытаймен екіжақты кездесулерде талқылап жүр. Бұл ретте өзбекстандық сарапшы Мурат Бахадировтің пайымынша, енді мемлекеттер ортақ ұстанымға ұйып, өзара интеграцияда жұмыс істеуі тиіс.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Қазір Орталық Азия елдері мен Қытай қарым-қатынасында бар мүмкіндіктер мен мәселелерді қарастырып жатырмыз. Осы диалог алаңын пайдалана отырып, түйткілдердің шешу жолдарын іздестіреміз. Ол біздің болашақ байланысымызды нығайта түсу үшін керек. Қытаймен қарым-қатынас үшін бізге аймақ елдерінің ортақ позициясын қалыптастыру маңызды. Бұл алдағы уақыттағы жоспарлардың жүйелі орындалуына негіз болмақ», - деді Өзбекстандағы Әлемдік экономика және дипломатия университетінің кафедра доценті Мурат Бахадиров.

Форум қорытындысы бойынша әр елден келген талдау орталығының мамандары өз үкіметтері үшін ұсыныстар легін әзірлемек.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform