Орталық Азия мен Қытайдың тиімді ынтымақтастығы үшін барлық қажетті шарт бар - Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азия мен Қытайдың тиімді ынтымақтастығы үшін барлық қажетті шарт бар. Бұл туралы «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- «Орталық Азия – Қытай» форматы бізді жібек жіппен жалғап, тарихи тағдыры ортақ қоғамдастық құрудың жаңа көкжиегін айқындап берді. Біз сауда-саттықта, өнеркәсіпте, көлік пен логистикада, ауыл шаруашылығында, цифрландыруда, сонымен қатар экономиканың басқа да салаларында ынтымақтастық тетіктерін іске қоса алдық. Сиань қаласында Орталық Азия мен Қытай хатшылығын құрдық. Қазіргі уақытта біз географияны, өзара инвестиция мен инфрақұрылымдық жобаларды кеңейту үшін белсенді жұмыс істеп жатырмыз, - деді Президент.
Мемлекет басшысы күні кеше Қазақстан мен Қытай арасында инвестициялық келісімге қол қойылғанын, ол жоғарыда аталған басым бағыттармен үйлесетінін айтты.
- Қолда бар мүмкіндіктер синергиясы өңір мемлекеттерінің Қытай Халық Республикасымен одан әрі серпінді және өзара тиімді ынтымақтастығы үшін қуатты негіз қалайтынына сенімдімін. Бұл үшін барлық қажетті шарт бар, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.