Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың ынтымақтастығы экономикалық өсімді қамтамасыз етеді — Масато Канда

САМАРҚАНД. KAZINFORM — Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың ынтымақтастығы экономикалық өсімді қамтамасыз ететін күшке ие. Бұл туралы Самарқандта өтіп жатқан Азия даму банкінің 59-шы отырысы аясында халықаралық қаржы ұйымының президенті Масато Канда мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі іс-шара орнынан.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз маслихатында баяндама жасаған Масато Канда Таяу Шығыстағы жағдайдың әлем экономикасына тигізіп жатқан теріс әсерлерін айтты.

– Азия мен Тынық мұхиты аймағындағы қазіргі ахуалға тоқталғым келеді. Біздің өңірге Таяу Шығыстағы қақтығыс қатты әсер етті. Бірінші кезекте энергетика секторына ауыр соққы болды. Яғни, мұнай бағасының өсуі және оны тасымалдаудағы қиындықтар жағдайды қиындата түсті. Бұл дағдарыс ғана емес, сонымен бірге ол жаһандық күйзеліс кезеңі саналады, - деді Масато Канда.

Спикер атап өткендей, осы күрделі кезеңдерде Азия даму банкі Таяу Шығыстағы қақтығыстың экономикаға тиігізетін теріс әсерін азайтуға жәрдемдеседі.

Сонымен қатар Масато Канда Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасындағы байланыстарға ерекше тоқталды.

– Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияның ынтымақтастықты нығайтуы орынды. Мен бұл аймақтардың экономикалық өсімді қамтамасыз ететін күшке ие екеніне сенімдімін. Азия даму банкі 20 жылдан астам уақыт бойы Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы шеңберінде осы елдердің нарығын дамыту және трансшекаралық сауданы нығайтуға қолдау көрсетіп келеді. Банк 2030 жылға дейін Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы аясында өзара аймақтық байланысты тереңдету, «жасыл» энергетикаға, цифрлық трансформацияға 10 млрд доллардан астам инвестиция бағыттауды жоспарлап отыр, - деп түйіндеді Масато Канда.

Еске салайық, бұл күндері Өзбекстанның Самарқанд қаласында Азия даму банкінің 59-шы отырысы өтіп жатыр. Негізгі іс-шараларға көршілес елдің басшысы Шавкат Мирзиёев қатысады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Азия даму банкі биыл Өзбекстанның ішкі жалпы өнім көлемі 6,7%-ға өсетінін болжап отыр.