Орталық Азия мен Ресей: экономикалық байланыстардың жаңа кезеңі

Коллаж: Kazinform/ Canva/ Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Душанбеде «Орталық Азия – Ресей» екінші саммиті өтті. Диалог аясында елдердің экономикалық мүдделері кең ауқымымен және әртүрлілігімен ерекшеленді. Мұның басты себебі – экономиканың түрлі салаларындағы тығыз байланыстар мен аймақ елдерінің демографиялық және экономикалық әлеуетінің артуы. Осы ынтымақтастықта Қазақстанның рөлі қандай? Мұны Kazinform тілшісі тарқатты.

Тауар айналымы артып келеді

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 28 млрд долларға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3%-ға өсті. Бұған негізгі әсерін Ресейден келетін импорттың ұлғаюы тигізді.

Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы Ресейдің үлесі 20%-ға жетіп, 2023 жылғы 19%-дан артты. Сонымен қатар Ресейдің Қазақстанға импорттағы үлесі 28%-дан 31%-ға өскен, ал экспорттағы үлесі сәл төмендеп, 13%-дан 12%-ға дейін кеміді.

Фото: Canva

2024 жылы Қазақстанның Ресейге экспорт құрылымы да өзгерді. Химиялық өнімдердің жеткізілім көлемі 189 млн долларға, ал металл өнімдері 47 млн долларға артты. Ал машина жасау өнімдерінің экспорты 629 млн долларға, минералдық өнімдердің экспорты 370 млн долларға қысқарды. Бұл өзгерістер Ресей тарапынан Қазақстанның шикізат өнімдеріне сұраныстың өскенін көрсетеді: шикізаттық өнімдердің экспорттағы үлесі 80%-дан 83%-ға дейін артса, терең өңделген өнімдердің үлесі 20%-дан 17%-ға төмендеді.

Егер 2022 және 2023 жылдары Қазақстан импортының ішіндегі ресейлік тауарлардың үлесі азайып келген болса (35,1%-дан 27,9%-ға дейін), 2024 жылы бұл тенденция өзгеріп, ресейлік импорт үлесі жалпы көлемнің 30,5%-ына дейін өсті.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тауар айналымы 12 миллиард долларды құрады.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Қазақстан: 171 жоба іске асырылып жатыр

Ресей мен Қазақстанның бірлескен жұмысының негізгі бағыттары – жаңа жылу электр станцияларын салу, Екібастұз ЖЭС-ін жаңғырту, сондай-ақ Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін газдандырудың ауқымды бағдарламаларын іске асыру.

Биыл Ресей мен Қазақстан Орталық Азиядағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын бастады. АЭС-ті пайдалануға беру 2035-2036 жылдарға жоспарланған, ал жобаның алдын ала құны 14-15 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Бұдан бөлек, Ресей Қазақстан мұнайын Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы экспорттауда маңызды рөл атқарып келеді. Бірлескен стратегия аясында Қазақстан аумағы арқылы өтетін мұнай транзитінің көлемін жылына 7 миллион тоннадан 10 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспары жүзеге асырылуда. Бұл шаралар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған және әрі қарайғы индустрияландыруға негіз қалайды.

2025 жылға қарай Қазақстан мен Ресейдің бірлескен бастамалар портфелі жалпы құны 53 миллиард АҚШ долларынан асатын 171 жобаны қамтиды. Бұл көрсеткіш 2019 жылы қол қойылған өнеркәсіптік ынтымақтастық жөніндегі жол картасында көзделген бастапқы жоспардан алты есе артық.

Қазақстанда 23 мың ресейлік компания тіркелген

Өнеркәсіптік кооперация ерекше даму үстінде. Қазіргі уақытта жалпы құны шамамен 33 миллиард АҚШ долларын құрайтын 75 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Олардың арасында Қостанайда КАМАЗ қатысатын өндірісті іске қосу, Сараң қаласында «Татнефть» компаниясының жылына 3,5 миллион дөңгелек шығаратын зауытын ашу, сондай-ақ EuroChem пен Uralchem компанияларының қатысуымен минералды тыңайтқыштар өндірісінің жаңа қуаттарын құру бар.

Тау-кен өнеркәсібі стратегиялық маңызын сақтап келеді. «Росатом» мемлекеттік корпорациясы «Буденовское» уран кен орнын игеру бойынша елеулі үлес алды. «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» жобалары аясында кемінде 6 миллиард АҚШ долларын инвестиция тарту жоспарланып отыр, бұл ынтымақтастықтың ұзақмерзімді перспективасын көрсетеді.

Қазақстанда ресейлік капиталы бар 23 мыңнан астам компания тіркелген. Бұл елдегі шетелдік қатысуы бар барлық кәсіпорындардың шамамен 40%-ын құрайды. Қос тарап экономикасының жоғары дәрежеде интеграцияланғанын және қолданыстағы серіктестік байланыстарының берік екенін айқын көрсетеді.

Фото: .freepik.com

Білім саласындағы байланыс

Бүгінде Ресейдегі жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттерінің саны шамамен 67 мың адамды құрайды. Қазақстан Ресейде шетелдік студенттер арасында көш бастап тұр. Қазақстан студенттеріне арналған білім гранттары үкіметаралық келісімдер аясында бөлінеді.

Қазақстандық жастар Ресей жоғары оқу орындарының филиалдарына да оқуға түседі. 2022 жылы КазҰУ базасында МИФИ және Атырау университетінде РГУ филиалдары ашылды. 2024 жылдан бастап Тараз университетінде РХТУ филиалында оқуға болады. МГИМО филиалы биыл қыркүйекте Астанада студенттер қабылдауды бастады.

Қазақстанның 60 университеті Ресейдің 50 университетімен ынтымақтастықта. Қазақ университеттері Ресей ЖОО-ларымен 1882 келісімге қол қойып, 34 білім беру және ғылыми жобаны жүзеге асыруда, оның ішінде 32 екі дипломды және 41 бірлескен білім беру жобалары бар.

Орталық Азия – Ресей

Орталық Азия елдерінде ресейлік капитал үлесі бар 25 мың компания жұмыс істейді. Өнеркәсіптік кооперация қарқынды дамуда. Бірлескен индустриалды парктер, сауда үйлері, көтерме-логистикалық орталықтар құрылып, автомобиль жасауда, ауыл шаруашылығы техникасын өндіруде, минералды тыңайтқыштар өндірісінде ірі жобалар жүзеге асырылуда.

«Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» негізгі тасымалдау маршруттары бірлесіп жасақталуда, сондай-ақ жаңа трансконтиненттік дәліздер құрылуда.

Ресей орталықазиялық елдермен бірлескен бағдарламаларға 33 миллион долларға жуық қаржы бөлді.

Аймақта газ жеткізуге арналған жаңа энергетикалық құрылым қалыптасуда. Оған Қазақстан, Ресей және Өзбекстан белсенді түрде қатысуда.

Фото: hausa.cri.cn

Ресей Орталық Азия елдері үшін ең маңызды серіктес болып қала береді, ал бұл серіктестікте Қазақстанның орны ерекше. Бұл елдердің географиясымен байланысты. Еліміздің солтүстік көршісімен құрлықтағы шекарасы 7,5 мың шақырымнан асады.

Қазақстан елдермен ынтымақтастықты көпвекторлы дипломатия мен экономикалық қатынастарды әртараптандыруға сүйене отырып, дамытуда.