«Орталық Азия + Жапония» диалогына назар аударылады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Жапония СІМ Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі, Елші Масаки Икегамимен кездесті - деп хабарлады  Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. 

Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. 

Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың түрлі аспектілері, сондай-ақ көпжақты форматтағы өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды.

Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. 

Сұхбаттасушылар жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беретін биік және жоғары деңгейлердегі сапарлармен алмасу маңыздылығына тоқталды. Ағымдағы жылы өтетін бірлескен іс-шаралардың күн тәртібіне, оның ішінде «Орталық Азия Жапония» диалогы аясындағы мәселелерге ерекше назар аударылды.

Тараптар жасыл экономика, цифрландыру, көлік және логистика сияқты салалардағы инвестициялық ынтымақтастықты әртараптандыруға баса назар аударуды жалғастыратыны туралы уағдаласты.

Анықтама: Жапония 1993 жылдан бері жалпы инвестиция көлемі 7,8 млрд. доллардан асатын Қазақстан экономикасына ірі шетелдік инвесторлардың бірі. Екі ел арасындағы екіжақты тауар айналымы 2023 жылы 2,1 млрд АҚШ долларын құрады.