Орталық Азия жастары цифрлық гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы өз шешімдерін ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» науқаны аясында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген 30 студент интернет пен білім беру ортасын баршаға қауіпсіз етуге бағытталған жобаларын таныстырды.
— 25 қарашадан бастап республикада гендерлік зорлық-зомбылыққа, оның ішінде цифрлық кеңістіктегі зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы науқан өтіп жатыр. «Жастар цифрлық гендерлік зорлыққа қарсы» тақырыбындағы Орталық Азия кейс-чемпионат соның жалғасы. Бес елден келген жастар өз көзқарасын, өз шешімдерін ұсынып, нақты кейстер мен стратегия жасауды үйреніп жатыр, — деді ҚР ІІМ Басқару академиясының докторанты, Комиссия мүшесі Гүлмира Шрахметова.
Ол бұл чемпионаттың жыл сайын дәстүрлі түрде БҰҰ-Әйелдер құрылымының қолдауымен ұйымдастырылатынын атап өтті.
Финалда ұсынылған жобалардың бірі Түрікменстаннан келген командаға тиесілі. Инженерлік-технологиялық университеттің студенті Айсұлтан Есенова олардың идеясы кешенді тәсілге негізделгенін айтты.
— Біз әзірлеп жатқан телеграм-ботқа қыз-келіншектер жүгініп, психологтердің көмегін, әрекет ету жөніндегі кеңестерді немесе заңгерлердің байланысын ала алады. Осы жобаны мектептер мен университеттерде енгізуді ұсынамыз. Кейін бұл құжаттарды тиісті министрліктермен келістіру қажет, — деді ол.
Айсұлтанның айтуынша, жоба әлі сынамалы кезеңінде, бірақ команда оның мектеп оқушыларынан бастап, аймақ тұрғындарына дейін қолжетімді құралға айналуын көздеп отыр.
Іс-шара БҰҰ Даму бағдарламасының өңірлік бастамасы аясында ЮНФПА, ДДСҰ, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы және БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) бірлесе ұйымдастырылды.
Айта кетейік, елордалықтар гендерлік зорлық-зомбылық бойынша тегін кеңес ала алатынын жазған едік.