– Бүгінде Қазақстанда аймақтағы елдерден келген 9 мыңға жуық студент білім алады. Біз Орталық Азия жастарының елімізде жоғары білім алуға ұмтылысын бағалаймыз. Осы күні еліміз АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей және Оңтүстік Кореяның ондаған танымал университеттерімен стратегиялық серіктестік орнатты. Қазақстанның көптеген аймағында шетелдік оқу орындарының филиалдары жүйелі түрде ашылып, студенттерді белсенді қабылдай бастады. Бұған қоса Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны артып, технопарктер мен инженерлік орталықтар іске қосылып жатыр. Біз Орталық Азия және Кавказ елдерінің жастарын осы мүмкіндікті пайдаланып, халықаралық деңгейде сұранысқа ие қос дипломды білім алуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық-сараптамалық саладағы ықпалдастықты жандандыру қажет екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы бірлескен медиаөнімдерді шығару жұмыстарын қолға алу жөнінде үкіметтерге тапсырма беруді ұсынды.
– Ортақ тарихи сюжеттерді экранизациялауға, халықтарымыздың достығы мен ынтымағын дәріптеуге ерекше мән беру керек. Біз жалпыөңірлік телеарна және ақпараттық интернет-порталын ашу мәселесін талқыладық. Бұл ретте Орталық Азия елдерінің телехабар тарату саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді әзірлеп, қол қоюдың маңызы зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент Қазақстанның өңірлік серіктестікті жан-жақты нығайтуды және Орталық Азияның әлемдік аренадағы рөлін арттыруды көздейтін стратегиялық бағдары өзгермейтінін атап өтті.
– Біз ұлттық деңгейде «Табысты Орталық Азия – Табысты Қазақстан» формуласын берік ұстанамыз. Өңіріміздің болашағы тек елдеріміз арасындағы сенімді диалог пен ынтымақтастыққа, барлық ішкі және сыртқы сын-қатерлерге лайықты жауапты бірлесіп іздеуге байланысты екеніне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.Жиын соңында Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке Консультативтік кездесудің келесі төрағалық міндетін табысты атқаруына тілектестік білдірді.
Консультативтік кездесуде Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.