Орталық Азияда климаттық және әлеуметтік деректерге ортақ талап әзірлеу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық Азия елдеріне климаттың өзгеруі, халық саны мен әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы мәліметтерді жинау және салыстырудың ортақ талаптарын әзірлеу ұсынылды. Бұл мәселе Астанада өткен «Орталық Азия елдерін тұрақты дамытуға арналған ғылым, деректер және болжау» халықаралық конференциясында көтерілді.

Фото: Су министрлігі

Құрылтай депутаты Юлия Кучинскаяның айтуынша, климаттың өзгеруі мен цифрландыру өңірдегі халықтың қоныстануына, еңбек нарығына және әлеуметтік инфрақұрылымға әсер етіп жатыр. Мұндай жағдайда мемлекеттерге алдағы өзгерістерді дәл болжау үшін сенімді әрі толық мәліметтер қажет.

— Бүгінде Орталық Азия елдерінің ғалымдары мен сарапшылары климаттық және әлеуметтік-экономикалық деректерді жинау мен пайдаланудың ортақ талаптарын әзірлеуі аса маңызды. Бұл талаптар мәліметтерді өзара салыстыруға, олардың қоғамдағы нақты жағдайды толық қамтуына және қауіпсіз сақталуына мүмкіндік беруі тиіс. Өйткені бірыңғай әдістемелік негіз қалыптаспайынша, өңірде болып жатқан өзгерістердің тұтас көрінісін жасау қиын, — деді спикер.

Оның сөзінше, қазіргі есепке алу жүйелері негізінен ресми тіркелген тұрғындар мен кәсіпорындар туралы ақпаратты қамтиды. Ал шалғайдағы фермерлер, ішкі мигранттар мен әлеуметтік осал топтардың жағдайы деректерде толық көрінбеуі мүмкін. Бұл мемлекеттік болжамдардың дәлдігіне әсер етеді.

Сонымен қатар ол Орталық Азия елдерінің ғалымдарына климаттық және демографиялық өзгерістерді шекаралас аумақтар мысалында бірлесіп зерттеуді ұсынды.

— Әлеуметтанушылар, демографтар, статистика және жасанды интеллект мамандарының бірлескен жұмысы мемлекеттік органдарға әлеуметтік инфрақұрылымды дер кезінде жоспарлауға және халықтың климаттық өзгерістерге бейімделуіне қажетті шараларды әзірлеуге көмектеседі, — деді Юлия Кучинская.

Депутат мемлекеттік шешімдер қабылдағанда болжамның нәтижесімен ғана шектелмей, оның қандай мәліметтерге сүйенгенін және қандай тәуекелдер ескерілгенін түсіну маңызды екенін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда Орталық Азия ғалымдарының климаттың өзгеруіне қатысты зерттеулерін біріктіретін цифрлық платформа әзірленгені хабарланды.