Орталық Азияда көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызы артып келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азия елдеріндегі шекара маңындағы аудандарда сауда-логистика хабтарының желісін дамыту ісі ынтымақтастықтың маңызды бағыты саналады. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» тақырыбымен жарияланған мақаласында айтылған.

Фото: Midjourney

«Кейінгі 5 жылда (2018-2023 жылдар) өзара сауда айналымы 2 есеге жуық көбейіп, 5,7 миллиард доллардан 11 миллиард долларға дейін артты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 25 пайызға өсті. Соның ішінде Қазақстанның Орталық Азия елдерімен саудасы былтыр 26,8 пайызға артып, 8 миллиард долларға жетті. Бірлескен ірі жобалар оған қатысушы елдерге қомақты пайда әкеліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын өзгертіп отыр», - делінген Мемлекет басшысы мақаласында.

Президенттің айтуынша, шекара маңындағы аудандарда сауда-логистика және өнеркәсіп хабтарының желісін дамыту ісі ынтымақтастықтың маңызды бағыты саналады. Бұл хабтар өзара сауда мен ортақ инвестициялық қызметті алға бастайтын жаңа драйвер бола алады.

«Елдеріміздің көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдаланудың стратегиялық маңызы артып келеді. Бұл сала өңірдің қарқынды дамуына жаңаша серпін беретін қозғаушы күшке айналуға тиіс. Экономикалық өрлеудің нақты бастауы саналатын өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларында бірлескен кәсіпорындар құруға көп көңіл бөлініп жатыр. Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарының биыл бекітілуі осы бағыттағы маңызды қадам болмақ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.