Орталық Азияда «жасыл» энергетика қалай дамып жатыр

Коллаж: Kazinform / Freepik / Tass.ru

АСТАНА. KAZINFORM – Осыдан он жыл бұрын климаттың өзгеруі жөніндегі Париж келісімі қабылданған болатын. Бұл халықаралық құжатқа Орталық Азияның бес мемлекеті де қол қойып, парниктік газдардың шығарылымын азайту және жаңартылатын энергетиканы дамыту бойынша міндеттер алды. Осыған орай аймақта таза энергетикаға көшу жоспары қалай жүзеге асып жатқанын Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы талдап көрді.

Халықаралық жаңартылатын энергия көздері агенттігінің (IRENA) деректеріне сәйкес, Орталық Азия елдері 2015–2024 жылдар аралығында «жасыл» энергетикаға көшу жолында белгілі бір жетістіктерге жеткен. Алайда энергетика саласы әлі де негізінен «қызыл деңгейде» қалып отыр. 2023 жылы Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия көздері нысандарының жиынтық қуаты 17,3 ГВт-тан асып, 2018 жылмен салыстырғанда 26,6 пайызға өсіпті.

Қазақстан – ЖЭК бойынша аймақтағы көшбасшы

2060 жылға қарай көміртекті бейтараптығына қол жеткізуді мақсат еткен Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша Орталық Азияда әзірге көшбасшылардың бірі саналады. Ел күн және жел энергетикасына инвестиция тартып, энергетикалық баланстағы ЖЭК үлесін арттыруға бағытталған ауқымды жобаларды іске асырып жатыр.

Инфографика: Kazinform

Елдің Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясының үлесі 6%-дан асып, 6,43%-ға жеткен. Бұл көрсеткіш 2020 жылғы 3 пайыздық деңгейден екі есе жоғары. Өткен жылы жалпы қуаты 163 МВт болатын 8 жаңа жоба іске қосылды. Кейінгі бес жылда елде тұрақты оң динамика байқалуда: 2021 жылы – 3,69%, 2022 жылы – 4,53%, 2023 жылы – 5,92%, ал 2024 жылы – 6,43%.

Он жыл ішінде елдегі ЖЭК нысандарының орнатылған қуаты 17 еседен аса өсіп, 3082 МВт-қа жетті. 2025 жылы қуаттылығы 455,5 МВт болатын тағы 9 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл елдің энергетикалық балансындағы «жасыл» энергия үлесін айтарлықтай арттырып, көміртекті азайтуға мүмкіндік бермек.

2018 жылдан бастап елде ашық аукциондық механизм қолданылады, оған әлемнің 13 елінен 260-қа жуық компания қатысып келеді. Бұл қуаттылықты арттырып қана қоймай, «жасыл» электр энергиясының тарифтерін де айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берген. Мәселен, жел электр станцияларында шамамен 2 есе, күн электр станцияларында – 2,5 есе төмендеді.

Инвесторлар үшін аса тартымды жағдай жасалып жатыр. Соның ішінде 20 жылдық электр энергиясын сатып алу келісімшарттары, тарифтерді индекстеу және инвестициялық преференциялар бар.

Ел үкіметі ЖЭК үлесін энергетикалық баланста 15%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр. Осы мақсатта 2030 жылға дейін жалпы қуаты 2258 МВт болатын тағы 91 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Сол кезде ЖЭК-тің жалпы орнатылған қуаты 10 ГВт-қа жетеді.

Өзбекстандағы «Күн үйі»

Өзбекстан да ЖЭК-ке қызығушылығын жыл санап арттырып келеді. Халықаралық қаржы институттарының қолдауымен елде күн және жел электр станциялары іске қосылған. «Өзбекстан – 2030» стратегиясына сәйкес, мемлекет 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясы өндірісіндегі үлесін 40%-ға (25 ГВт қуатпен) жеткізуді жоспарлап отыр.

Елде ЖЭК-ті енгізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр, балама энергетика саласында құқықтық база құрылды. 2019 жылы осы секторға инвестиция тартуды ынталандыруға бағытталған «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану туралы» заң қабылданды.

2024 жылға қарай Өзбекстандағы ЖЭК-тің жалпы қуаты 4,5 ГВт-қа жетті, ал олардың энергетикалық сектордағы жалпы үлесі 16%-ды құрады. Жаңартылатын энергия көздерінің есебінен шамамен 1 млрд текше метр табиғи газ үнемделіп, атмосфераға 1,4 млн тонна парниктік газдардың таралуының алдын алған.

Фото: DALL-E

Ел президентінің ресми сайтындағы мәліметке қарасақ, бұл салаға 2,1 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған, ал жалпы сомасы 13 млрд доллар болатын жобалар жүзеге асырылып жатыр. Елдің барлық дерлік өңірлерінде заманауи күн және жел электр станциялары салынуда. Атап айтқанда, Бұхара, Жызақ, Қашқадария, Науаи, Самарқанд және Сұрқандария облысында жалпы қуаты 1,6 ГВт болатын 9 ірі күн және жел электр станциясы іске қосылған. Әндіжан, Самарқанд, Сұрқандария және Ташкент облыстарында жалпы қуаты 183 МВт болатын 6 ірі және шағын су электр станциялары пайдалануға берілді.

Сондай-ақ әлеуметтік сала нысандарында, кәсіпорындар мен ұйымдарда, кәсіпкерлерге тиесілі ғимараттар мен тұрғын үйлерде жалпы қуаты 457 МВт болатын күн панельдері орнатылған. Осы мақсатқа банктер тарапынан шамамен 2 трлн сом бөлінген. Нәтижесінде экологиялық таза 5 млрд киловатт-сағат электр энергиясын қосымша өндіру және 1,5 млрд текше метр газ үнемдеу мүмкіндігі жасалды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің айтуынша, «жасыл» энергетика ел экономикасының басты қозғаушы күштерінің біріне айналып келеді. Алдағы үш жыл ішінде жалпы қуаты 8 ГВт болатын 28 ірі күн және жел электр станциясы іске қосылады.

Елде «Күн үйі» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарлама аясында күн панельдерін орнатқан тұрғындарға өндірілген әр киловатт электр энергиясы үшін 1000 сом төленеді. 2024 жылға қарай шамамен 11 мың үй иесі осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр.

Кәсіпкерлерге күн энергиясын пайдалану саласында қосымша жеңілдіктер жасалып жатыр. Атап айтқанда, күн панельдерін, инверторлар мен аккумуляторларды әкелуге арналған кедендік жеңілдіктер тағы бес жылға ұзартылатын болады.

Қырғызстандағы шағын және орта СЭС-тер

Кейінгі жылдары Қырғызстан энергетикалық қуатты арттыру, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділікті азайту мақсатында шағын су электр станцияларын, күн және жел электр станцияларын салуға ерекше көңіл бөліп келеді.

Ел гидроэнергетика саласын белсенді дамытып жатыр, бұл ретте шағын және орта СЭС-терді отандық инвесторлардың күшімен салуға басымдық берілген. Қырғыз Республикасы Энергетика министрлігінің деректері бойынша, елде 39 СЭС жұмыс істеп тұр. 2025 жылдың соңына дейін жалпы қуаты шамамен 78 МВт болатын 18 шағын СЭС-ті іске қосу жоспарланған. 2026 жылы шамамен 148 МВт болатын 13 СЭС, ал 2027 жылы – жалпы қуаты 170 МВт болатын тағы 14 СЭС пайдалануға беріледі.

Күн энергетикасы саласындағы ең ірі бастама — Ыстықкөл облысының Тору-Айғыр ауылында жүзеге асырылып жатқан жоба. Аумағы 407 гектар жерге қуаттылығы 300 МВт болатын күн электр станциясы салынып жатыр. Жалпы инвестиция көлемі — 270 млн доллар.

Балықшы қаласында алғашқы жел электр станциясының жобасы іске асырылып жатыр. Аумағы 9,8 гектар жерге әрқайсысы 2 МВт электр өндіретін 100 жел генераторы орнатылады. Станцияның жалпы қуаты 200 МВт болады. Болашақта осы аймақта тағы 34 шағын СЭС, бес күн және бір жел электр станциясын салу жоспарланған.

Фото: freepik

Қырғыз Республикасының Жел және Күн электр станциялары қауымдастығының төрайымы Кундуз Кырбашеваның айтуынша, Қырғызстандағы жаңартылатын энергия көздері нысандары әзірге құрылыс кезеңінде. Елдің жалпы электр энергетикалық қуатындағы баламалы энергетиканың үлесі әлі де аз.

Дегенмен жақында ел президенті қол қойған «Қырғыз Республикасын 2030 жылға дейін дамыту жөніндегі ұлттық бағдарламада» ЖЭК-тің жалпы электр энергиясын өндірудегі үлесін бірнеше есеге арттыру көзделген.

Құжатқа сәйкес, стратегия үш негізгі басымдыққа негізделген: энергетикалық қауіпсіздік, энергетикалық тәуелсіздік және экологиялық тұрақтылық. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін энергетикалық дамудың барлық қырларын қамтитын бес өзара байланысты бағыт белгіленген. Ең маңызды шаралар – энергия өндіру қуаттарын кеңейту және әртараптандыру, энергетикалық жүйенің тиімділігін арттыру және тұтынуды басқару, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, өңірлік ықпалдастықты күшейту, сондай-ақ климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету.

ЖЭК саласында бизнестің жиі кезігетін қиындықтарының бірі ретінде сарапшы заңнамалық базадағы олқылықтар мен «бір терезе» жүйесінің жоқтығын атап өтті.

— Қырғызстанда ЖЭК нысандарын салуға қажетті рұқсат құжаттарын беру, жер телімдерін бөлу, келісімшарттар жасау және тарифті бекіту сияқты үдерістерді бір жерде шоғырландыратын «бір терезе» механизмі әлі де қалыптаспаған, — дейді ол.

Кундуз Кырбашеваның пікірінше, Орталық Азия елдерінің «жасыл» энергетиканы дамыту әлеуеті жоғары.

— Орталық Азия өңіріндегі мемлекеттер баламалы энергия көздерін дамыту бағытында күш біріктіріп, тығыз ынтымақтастық орнатуы қажет, ал су ресурстары ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін көбірек пайдаланылуға тиіс, — деді сарапшы.

Жасыл Тәжікстан

Тәжікстан өз электр энергиясының 98%-ын су энергетикалық ресурстардан өндіреді. Халықаралық жаңартылатын энергия көздері агенттігінің статистикалық деректеріне сенсек, 2015 жылдан 2024 жылға дейін елдегі жаңартылатын энергия көздерінің орнатылған қуаты 15,8%-ға немесе 781 МВт-қа өсіп, 4957 МВт-тан 5738 МВт-қа жеткен. Ел «жасыл» энергия үлесі бойынша әлемде алтыншы орында тұр.

2023–2037 жылдарға арналған Тәжікстанның «жасыл» экономиканы дамыту стратегиясына сәйкес, құжаттың қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін елдегі ЖЭК арқылы электр энергиясын өндіру қуаты 10%-ға артады. Күн энергиясы арқылы өндірілетін қуат 800 МВт-қа дейін жеткізіледі.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның айтуынша, «жасыл» экономиканы дамыту стратегиясы аясында ел 2032 жылға қарай электр энергиясын толықтай жаңартылатын көздерден өндіруді қамтамасыз етуді, ал 2037 жылға қарай «жасыл» мемлекетке айналуды көздеп отыр.

Сарапшылар Тәжікстанның күн энергетикасын дамытуда зор әлеуетке ие екенін атап өтеді: елде жылына 260-тан 330 күнге дейін күн ашық болады. Күн генерациясының техникалық әлеуеті жылына 25 млрд кВт/сағат деп бағаланады, бұл он ай бойы халықтың электр энергиясына деген сұранысының 80%-ын жабуға мүмкіндік береді. Алайда соған қарамастан күн және жел энергетикасы елде әзірге бастапқы даму кезеңінде ғана тұр.

Фото: DALL-E

Мұрғапта 2020 жылы қуаттылығы 220 кВт болатын жалғыз коммерциялық күн электр станциясы пайдалануға берілген. 2025 жылы Соғды облысында қуаттылығы 200 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы басталады. 2027 жылға қарай жалпы қуаты 14 МВт-тан асатын шағын күн станцияларын салу жоспарланған.

Бұған қоса 2024 жылғы 1 сәуірден бастап барлық жаңадан салынатын және қайта жаңғыртылатын ғимараттарды күн электр жүйелерімен жабдықтау талабы күшіне енді.

Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдері экономикасының «жасыл» энергетикаға көшуі болашағы зор бағыт болып отыр. ЖЭК-ті дамыту электр энергиясының тапшылығы артып келе жатқан жағдайда дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділікті азайтуға, қазба отындарын пайдаланудың қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерінің алдын алуға, сондай-ақ экономикалық өсімді ынталандыруға көмектеседі.

Алайда азғантай жемісті жұмыстарға қарамастан, Орталық Азия өңірінде «жасыл» энергетиканы дамыту бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Оларға энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігі, жеке инвестицияларды тарту, қолайлы құқықтық-нормативтік базаны құру және халықтың ЖЭК артықшылықтары туралы ақпараттану мәселелерін жатқызуға болады. Осы қиындықтарды еңсеру Орталық Азия елдеріне таза энергетика саласындағы өз әлеуетін толық жүзеге асыруға және климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі жаһандық күш-жігерге үлес қосуға мүмкіндік береді.