Бішкек қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы су-энергетика ведомстволары басшыларының үшжақты кездесуі өтті.
Келіссөздерге қазақстандық делегацияны ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов бастады. Кездесу барысында тараптар су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, өңірлік энергожүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, су ресурстарын ұтымды пайдалану және алдағы вегетациялық әрі күзгі-қысқы кезеңдерде бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және өңірдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған тұрақты диалог пен практикалық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Су-энергетика саласындағы тиімді өзара іс-қимыл Орталық Азия мемлекеттерінің мүдделер теңгерімін сақтауға және тату көршілік қатынастарды нығайтуға ықпал ететіні айтылды.
Келіссөздер барысында тараптар электр энергиясын жеткізу, энергожүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және су-энергетикалық режимдерді үйлестіру мәселелерін қоса алғанда, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілділіктерін растады.
— Кездесу қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітетін және өзара іс-қимылдың алдағы бағыттарын айқындайтын хаттамаға қол қойылды. Құжат өңірлік әріптестікті нығайтуға, бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыруға және Орталық Азияның су-энергетикалық кешенінің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын америкалық сарапшы Орталық Азия елдері су мәселесін реттеу үшін әуелі шекара дауын шешіп алу керек екенін айтқан еді.