Орталық Азияның әр мемлекетінің дамуы бүкіл аймақты күшейтеді – Мемлекет басшысы

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азияның әр мемлекетінің дамуы бүкіл аймақты күшейтеді. Бұл туралы «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

- Біз Орталық Азияның болашағын бірге даму моделі ретінде көреміз, әр мемлекеттің жетістігі бүкіл аймақты күшейтеді. Бүгінде елдеріміздің алдында ортақ міндет тұр – ұлғайып келе жатқан жаһандық айқынсыздық жағдайында тұрақты прогресті қамтамасыз ету, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев соның аясында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту айрықша мәнге ие болатындығын айтты.

– Қазақстанда экономикалық өсімге серпін беретін тың мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Әсіресе, Қытаймен бірлескен жобаларды іске қосуға, тауар номенклатурасын көбейтіп, көршілес ел нарығында сұранысқа ие өнімдер экспортын ұлғайтуға ерекше мән беріледі. Өңделу деңгейі төртінші сатыға сай, қосылған құны жоғары өнім шығаратын технологиялық кәсіпорындар ашуға ниеттіміз. Ауыл шаруашылығы, соның ішінде озық агротехнологиялар мен тиімді су үнемдеу әзірлемелерін қолданысқа енгізу бағытындағы ынтымақтастық өте маңызды. Бұл ретте Қытай компаниялары агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс орындарын локализациялау ісіне атсалысады деп үміттенеміз. Қазақстан қытай нарығына астық пен ұн, ет және сүт өнімдері экспортын ұлғайту әлеуетіне ие. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында да табысты ынтымақтастық үшін ресурстар бар», - деді Президент.

«Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.