Орталық Азияның ықпалы шеңберден асып, бүкіл Еуразияны және әлемді қамтиды – сарапшы

Фото: Фото: Jibek Joly телеарнасы

АСТАНА. KAZINFORM - Қытай АҚШ пен Орталық Азия елдерінің өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысына құрметпен қарайды. Jibek Joly телеарнасындағы «New Time» тілшісіне берген сұхбатында ҚХР Мемлекеттік кеңесі ғылыми-зерттеу орталығы Еуропа және Азия әлеуметтік даму институтының директоры Ли Юнчуань осындай пікір білдірді. Ол Орталық Азиямен әріптестік орнатуға мүдделі ірі державалар аймақтағы қауіпсіздіктің нәзіктігін түсінуі керек деп мәлімдеді.

— Ли Юнцюань мырза, кейінгі жылдары Қытайдың Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы тереңдей түскенін көріп отырмыз. «Қытай — Орталық Азия» саммиттерінің механизмі аймақтық ынтымақтастықтың болашағына, әсіресе қазіргі геосаяси өзгерістер тұсында, ықпал ете ме, қалай ойлайсыз?

— Сұрағыңызға рахмет. Орталық Азия — Қытайға іргелес аймақ және оның тұрақтылығы біз үшін аса маңызды. Егер аймақта тұрақтылық болса, дамып жатқан болса, бұл біздің өзара іс-қимылымыз үшін қолайлы жағдай жасайды. Бірақ, аймақта тұрақсыздық немесе қауіптілік туындаса, бұл біз үшін де проблемаға айналады.

Сондықтан, Қытай Орталық Азияның тұрақты дамып, қауіпсіз болуына және гүлденуіне мүдделі. Орталық Азия елдері тәуелсіздік пен егемендік алғаннан кейін біздің қарым-қатынастарымыз дәйекті түрде дамыды. Аймақтағы кейбір елдермен тауар айналымы он есе артты.

Дегенмен, аймақта бес бөлек мемлекет болғанына қарамастан, бізге жалпы аймақ ретінде өзара іс-қимылымызды үйлестірудің тиімді тетіктері әлі де жетіспейді. Өткен жылы ынтымақтастығымызды жақсарту мақсатында «Қытай — Орталық Азия» механизмін енгіздік.

Менің ойымша, механизм енді ғана қалыптаса бастағанымен, оның әлеуеті қазірдің өзінде айқын. Осы ынтымақтастық арқасында Қазақстан, мысалы, Қытай мен Еуропа арасындағы, сондай-ақ Қытай мен әлемнің басқа бөліктері арасындағы маңызды көпір немесе дәлізге айналып келеді. Егер біз бұл механизмді тиімді дамытуды жалғастырсақ, ол барлық қатысушыларға көптеген жыл бойы пайда әкеледі.

— Расында, Қытай — Қазақстанның және жалпы аймақтың негізгі сауда серіктестерінің бірі. Бізде энергетикадан басқа қандай салаларда ынтымақтастықты дамытудың әлеуеті зор деп ойлайсыз?

— Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастық қазірдің өзінде өте табысты. Дегенмен, Қазақстан экономиканың басқа салаларын дамытуға мүдделі және бұл ретте әлеуеті зор. Біз энергетикадан басқа да салаларда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы Қазақстанда «Бір белдеу — бір жол» бастамасын көтергелі бері энергетикадан басқа түрлі салада 50-ден астам жобаға қол қойылды. Олардың кейбірі қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл екі жақтың да өзара тиімді ынтымақтастыққа және кешенді өндіріс тізбегін құруға ұмтылатынын көрсетеді.

— Қытай — Орталық Азиядағы ірі жаһандық ойыншы, серіктес екенін білеміз. Ол аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қандай белсенді қадамдар жасап жатыр? Қазір бұл сұрақ бұрынғыдан да өзекті болып отыр.

— Жаңа айтып өткенімдей, Орталық Азияның қауіпсіздігі — Қытай үшін басты басымдықтардың бірі. Егер аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздік болса, бұл дамуға қолайлы жағдай жасайды. Қытай Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелеріне зор мән береді және бұл мәселелерді шешу құралдарының бірі — Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ).

ШЫҰ құжаттарының басым бөлігі аймақтағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған. Орталық Азия елдерімен бірлескен күш-жігеріміздің арқасында кейінгі 30 жыл ішінде, көптеген тұрақсыздандыратын факторға қарамастан, аймақта жағдай салыстырмалы түрде тұрақты. Бұл мәселеде бізде келіспеушіліктер жоқ, тек ортақ мүдделер мен міндеттер бар және мұндай ынтымақтастық жалғаса беретініне сенімдімін.

— АҚШ та Орталық Азиямен қарым-қатынасын белсенді дамытып келеді. Қытай бұл ынтымақтастықты қалай қабылдайды және ол Қытайдың аймақтағы саясатына қалай әсер етеді?

— Бұл — өте жақсы сұрақ. Орталық Азия елдері көпвекторлы сыртқы саясат жүргізеді. Қытай мұндай ұстанымға құрметпен қарайды, өйткені біз де көпвекторлы саясатты ұстанамыз. Орталық Азиямен ынтымақтастыққа мүдделі Қытай, Ресей, АҚШ немесе Еуропа болсын, барлық ірі державалар аймақтық қауіпсіздік архитектурасының өте нәзік екенін түсінеді деп үміттенемін. Біздің ортақ мақсатымыз — аймақтың тұрақты дамуына ықпал ету, өйткені оның ықпалы Орталық Азия шеңберінен асып түседі, бүкіл Еуразияны және әлемді қамтиды.

Біз Орталық Азия елдері басшыларының өз мүдделерін сезініп, ұстанымдарын анық түсінетініне куә болғанымызға қуаныштымыз. Дәл осының арқасында көпвекторлы дипломатия табысты және теңгерімді түрде дамып келеді. Мен сіздің дипломатияңызды осылай түсінемін.

Фото: Kazinform