Орталық Азияның органикалық өнімдері Қытай нарығында жоғары бағаланады — Іскерлік кеңес

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық Азия елдері Қытай нарығына органикалық ауылшаруашылық өнім экспортын белсенді әрі жан-жақты түрде жүргізіп отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елордада «Орталық Азия — Қытай» іскерлік кеңесінің екінші отырысында айтты. 

− Орталық Азия — әлемде суармалы ауыл шаруашылығын дамытатын негізгі аймақ. Бүгінгі таңда өңір елдері Қытай нарығына органикалық ауылшаруашылық өнім экспортын белсенді әрі жан-жақты түрде жүргізіп отыр. Қазақстаннан шұбат, Өзбекстаннан шие, Тәжікстаннан кептірілген жемістер, Қырғызстаннан бал, Түрікменстаннан мақта Қытай нарығында жиі пайда болып, тұтынушылар арасында жоғары бағаланып келеді, − деді Серік Жұманғарин іскерлік кеңестің ашылуында.

Министрдің айтуынша, Орталық Азия мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдері саудасы жыл сайын артып келеді.

− Оған қоса, біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындар құруға, аграрлық сектордың тиімділігін арттыру үшін инновациялық, су үнемдейтін технологияларды енгізуге мүдделі қытайлық инвесторларға қолайлы мүмкіндіктерді көріп отырмыз, — деді Серік Жұманғарин.

2024 жылы Орталық Азия өңірі мен Қытай арасындағы сауда қарқыны 95 млрд АҚШ долларына жеткен және оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі болды. Осылайша, екіжақты сауда айналымы рекордтық 44 млрд долларға жеткен.

Айта кетейік, бүгін елордада «Орталық Азия — Қытай» ІІ саммиті өтеді. Оған өңірдегі 5 мемлекеттің басшылары мен Қытай Халық Республикасының төрағасы қатысады.

Ең алғашқы саммит 2023 жылдың 19 мамырда Қытайдың Сиань қаласында өткен еді. Саммит қорытындысында Мемлекеттер басшылары Сиань декларациясына қол қойып, бірқатар бастаманы қабылдаған.