— Орталық Азияның Шығыс пен Батыс арасында тиімді жеткізу тізбегі қалыптасқан транзит торабына айналуға мүмкіндігі бар. Кейінгі бірнеше жылда Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізін белсенді дамытып келеді. Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен контейнер арқылы тасымалданған жүк көлемі 62% артып, 4,5 млн тоннаға жетті. 2027 жылға қарай жүк көлемін 10 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр, - деді Президент.
Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Одағының Орталық Азия өңіріндегі орнықты көлік байланысының дамуына оң септігін тигізіп отырған Global Gateway стратегиясына қолдау білдірді.
— Таяуда Еуропа инвестициялық банкі мен Қазақстан даму банкі көлік инфроқұрылымын дамыту үшін құны 200 млн еуро болатын келісмге қол қойды. Орта дәлізді дамыту бойынша Еуропа Одағымен бірлесіп іске қосылған үйлестіру платформасын да атап өткім келеді, - деп мәлім етті Президент.
Айта кетейік, бүгін Өзбекстанның Самарқанд қаласында «Орталық Азия — Еуропа Одағы» форматындағы алғашқы саммиті өтті.
Бұрын хабарлағанымыздай, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапарымен келді. Оның барысында Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен екіжақты кездесулер өткізді.