Орталық Қазақстанда 500 мегаваттық жел электр стансасының құрылысы басталды

АСТАНА. KAZINFORM - Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр стансасының (ЖЭС) құрылысы ресми түрде басталды.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жобаны China Energy International Group компаниясы Самұрық-Энергомен бірлесіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы үкіметаралық келісім аясында іске асырып жатыр.

Жобаға 645 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ. ЖЭС-тің жылдық электр энергиясын өндіру көлемі 1,6 млрд кВт·сағ «жасыл» энергияны құрайды. Нысанды пайдалануға беру 2029 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.

Жобаны іске асыру жыл сайын шамамен 1,3 млн тонна көмірқышқыл газының шығарылуын қысқартуға мүмкіндік береді, бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді.

Жалпы алғанда, қазіргі таңда энергия сақтау жүйелерімен жабдықталған жел электр станциялары бойынша халықаралық әріптестікті нығайтуға ерекше назар аударылып отыр.

Жамбыл облысында француз компаниясы TotalEnergies салатын қуаты 1 ГВт жел станциясының құрылысы басталды, ал Павлодар облысында State Power Investment Corporation компаниясымен бірлесіп осындай қуаттағы 1 ГВт жобаны іске асырылып жатыр.

Осыған дейін Олжас Бектенов Түркістан облысында салынып жатқан электр стансасының құрылысын тексерген болатын.