Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, бұл — халықаралық реинтродукция бағдарламасы аясында Қазақстанға әкелінген жылқылардан алынған алғашқы төл.
Еркек құлын туғаннан кейін көп ұзамай өздігінен аяғына тұрып, енесінің соңынан еріп, сүтін еме бастаған. Мамандардың бақылауы бойынша, екеуінің де жағдайы жақсы.
Құлынның енесі — 2024 жылы Берлин Тирпаркінен Қазақстанға жеткізілген жеті жасар Тесса. Бұл — оның алғашқы төлі.
— Алғашқы құлынның дүниеге келуі жануарлардың Қазақстан даласының табиғи жағдайларына сәтті бейімделіп жатқанын көрсететін маңызды нәтиже. Бағдарламаның түпкі мақсаты — табиғи ортада өздігінен көбейе алатын Пржевальский жылқысының тұрақты популяциясын қалыптастыру, — делінген хабарламада.
Пржевальский жылқысын Қазақстанға қайтару бағдарламасы 2024 жылы басталды. 2024 жылы 7, 2025 жылы тағы 7, ал 2026 жылы 8 жылқы жеткізілді. 2029 жылға дейін Қазақстанға шамамен 40 жылқы әкелу жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінде Қазақстанға «Тирпарк Берлин» хайуанаттар бағынан (Германия Федеративтік Республикасы) Пржевальский жылқыларының екінші тобы жеткізілгенін хабарлағанбыз.