Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, миссия мүшелеріне конституциялық реформаның негізгі жаңалықтары, Құрылтайды қалыптастырудың жаңа үлгісі, жаңартылған сайлау заңнамасы және сайлау науқанының қазіргі кезеңі туралы ақпарат берілді.
— 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, заң шығарушы биліктің жаңа моделі бекітілді. Конституциялық реформаға сәйкес Қазақстан екі палаталы Парламенттен пропорционалды өкілдік жүйесіне негізделген бір палаталы Құрылтайға көшті. Ал реформаны іске асыруға арналған барлық нормативтік құқықтық актілер биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді, — деді Нұрлан Әбдіров.
Кездесуде сайлауды ұйымдастыру, сайлау комиссияларының жұмысын үйлестіру, олардың мүшелерін даярлау, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сайлаушыларды ақпараттандыру, сондай-ақ қоғамдық және халықаралық байқаушылардың қатысуына қатысты мәселелер талқыланды.
Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы халықаралық байқаушылардың өз міндетін Қазақстан заңнамасы мен халықаралық міндеттемелерге сәйкес атқаруына барлық қажетті жағдай жасайтынын айтты. Сонымен қатар ЕҚЫҰ ДИАҚБ ұсынымдары сайлау жүйесін одан әрі жетілдіру барысында ескерілетінін жеткізді.
Өз кезегінде Винсент Пикет Қазақстанның ЕҚЫҰ кеңістігіндегі маңызды әрі беделді серіктестердің бірі екенін атап өтті.
— Қазақстанда алғаш рет өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауын байқауға шақырғандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Қазақстан қазір институционалдық және заңнамалық жаңғырудың маңызды кезеңінен өтіп жатыр. Сондықтан бұл сайлауды бақылау біздің миссия үшін ерекше маңызды. Біз Қазақстанмен қалыптасқан серіктестікті және Орталық сайлау комиссиясымен орныққан ашық әрі сындарлы диалогты жоғары бағалаймыз, - деді Винсент Пикет.
Кездесу қорытындысында Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарының сайлауы Қазақстан заңнамасына сәйкес өткізілетінін және сайлау процесіне қатысушылардың барлығына тең жағдай жасалатынын мәлімдеді.
Бұған дейін Құрылтай сайлауына дайындықтың күнтізбелік жоспары таныстырылғанын жазған едік.