«Орталық-2011» стратегиялық жаттығуының шешуші кезеңі өтті
деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Десантқа қарсы қорғаныс, теңіздегі ұрыс, тактикалық теңіз десантын түсіру және басқа да заманауи соғыс қақтығыстарының элементтерін екі армияның әскери қызметшілері көрсетіп жаттығудың негізгі арқауы болып табылатын Орталық Азия аймағында орын алған оқиғаларды өзгертуге қатысты операцияларды жүзеге асырды.
Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің әскери қызметшілері шартты түрдегі жауға шабуыл жасады. Атыс теңізден, аспан мен жерден жүргізілді. Жау жағалауға келіп орналасты. Ми-17 тікұшағымен ұрыс даласына мина орналастыруға шешім қабылданды.
Теңіз үстінде де ұрыс қимылдары жүруде. Кемелерден соққы беретін топ жаудың теңізге десантын түсіртпеу мақсатында ұрысқа кірісті. Іс-қимылдар барысында екі жақтың кемелері бір-біріне жақындай түсті. Артиллериялық қондырғылардан оқ жаудырылды. Атыс басқару кемесінде ұрысқа қабілетті кемелердің саны белгілі болған соң оларға қарсы артиллериядан соққы берілді. Жаудың десант отряды жойылды.
Бұдан соң авиацияға кезек келді. Ресей Федерациясы Әскери әуе күштерінің бомбалаушы қос Су-24 ұшақтары жау позициясын бомбалап өтті. Бұдан соң зенит қондырғыларынан әуедегі жау шабуылына тойтарыс берілді.
Қарсы жақтың жылжып бара жатқан механикаландырылған колоннасына ҚР ҚК ӘҚК-нің қос Су-27 ұшағы әуеден бірінші болып соққы берді. Шартты жау бұған дайын болатын. Біздің әскерлер алғы шепке жылжуда. Дәл осы сәтте жаудың артиллериялық бөлімшелері орналасқан ауданға екінші рет соққы берілді. ҚР ҚК ӘҚК-нің қос Ми-24 тік ұшағы жылжып келе жатқан жау колоннасына үсті-үстіне оқ жаудырды. Осы кезде тылдық және техникалық қамтамасыз ету бөлімдері алға қарай жылжи жөнелді. Оқ дәрілердің, жанар-жағар майдың запасы толықтырылып, жаралылар мен жарамсыз техникаларды қауіпсіз аймаққа алып кету жүзеге асырылды.
- Жаттығуда алға қойылған мақсаттарға толық қол жеткізілді, екі ел армияларының әскери қызметшілері бірлескен іс-қимылдың барлық кезеңдерінде шынайы шеберліктері мен жоғары кәсібиліктерін танытты,-деп атап өтті Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. - Жаттығуға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері жауынгерлік қимылдарды жүргізу барысында бөлімдер мен бөлімшелердің басқару органдарының өзара байланыстарын ұйымдастыруда мол тәжірибе жинақтады.
Жаттығу жалғасуда, бірақ бүгінгі «дала төсіндегі» бірлескен іс-қимыл аяқталды, Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы жаттығуда көзге түскен екі ел армиясының әскери қызметшілерін марапаттады.
Бірлескен «Орталық-2011» стратегиялық жаттығуының салтанатты түрде жабылу рәсімі 26 қыркүйекте өтеді.