Онлайн-кеңесті Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы, Су шаруашылығы және Өңірлерді дамыту министрліктері ұйымдастырды. Іс-шараға министрлерден басқа, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Дунъюй Цюй және оның орынбасары Владимир Рахманин, ал Қазақстаннан Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Айдарбек Сапаров қатысты.
Кеңестің мақсаты – биылғы қыркүйекке жоспарланған саммит қарсаңында FAO-ға мүше мемлекеттер арасында диалог өткізу. БҰҰ мәліметтері бойынша, соңғы 50 жылда агроөнеркәсіп кешенінің адамдарға тигізетін пайдасынан зиянды әсері көбейіп кеткен.
FAO бас директоры өз сөзінде азық-түлікке деген сұраныс үнемі өсіп келе жатқандықтан, агрохимия, мұнай химиясы және электр энергиясын пайдалану арқылы азық-түлік өнімдерінің өнеркәсіптік өндірісі кеңейе түсетінін атап өтті. Сондықтан атмосфераға шығарылатын барлық парниктік газдардың төрттен бір бөлігі АӨК-не тиесілі. Топырақтың эрозиясы мен тұздануы, биоалуантүрліліктің жоғалуы және қоршаған ортаның ластануы, әсіресе Орталық Азияда азық-түлік өндірісі өсімінің артуынан болып отыр.
«Осыған байланысты БҰҰ Бас хатшысы ФАО-ға мүше мемлекеттерді азық-түлік жүйелерін экологиялық, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан орнықты етудің тиімді тәсілі – инновацияларды енгізуге шақырады. Сондықтан ол қыркүйек айында азық-түлік жүйелері саммитін өткізу туралы шешім қабылдады», - деп түсіндірді Дунъюй Цюй.
Өз кезегінде, Айдарбек Сапаров Қазақстан Үкіметі осы мүмкіндікті пайдаланып, елді өңірлік азық-түлік хабына айналдыруға ниетті екенін атап өтті. Сондықтан, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі БҰҰ-ның ауыл шаруашылығы саласын өзгертуге қатысты бастамасын қолдайды.
Атап айтқанда, қазір Қазақстанда алдағы 5 жылға арналған АӨК дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленуде. Оның негізгі мақсаты – саланың бірыңғай аграрлық азық-түлік жүйесі ретінде агрономия, цифрландыру және жер ресурстарын ұтымды пайдалану арқылы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету.
«Ұлттық жоба аясында басым бағыттар – дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі азық-түлік экожүйесі құрылатын болады. Бұл ішкі нарыққа ғана емес, көрші мемлекеттердің нарығына да азық-түлік жеткізу мәселелеріндегі жағдайды тұрақтандыруға ықпал етеді. Құжатты әзірлеуге ФАО-ның құзыретті халықаралық ұйымы тартылды. Құжатта БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарында көзделген азық-түлік жүйелерін дамыту, азық-түлік өндіру және ауыл шаруашылығын жүргізу қағидаттары мен тәсілдері ескерілетін болады», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы.
Сонымен қатар ол Қазақстан Үкіметі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар секторын дамытуға күш салып жатқанын хабарлады.
«Мемлекеттік деңгейде мемлекеттік қызметтер автоматтандырылды, нақты егіншілік элементтері: алқаптардың электрондық карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, космомониторинг және басқа да шешімдер қарқынды түрде енгізілуде. Азық-түлік жүйелерінде инновацияларды қолдану көптен бері күрделеніп келген мәселелерді шешуге көмектеседі», - деді А.Сапаров.