Орталық Азия елдерінің өңірлік бірегейлігі қалыптасып келеді – Қырғызстанның мемлекеттік хатшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада өітп жатқан Орталық Азия медиафорумында Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы Сүйінбек Қасмамбетов сөз сөйлеп, тарихи бірегейлік үшін зияткер элиталарды диалогқа тартуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осындай күрделі жылдың соңында біз қонақжай Астанаға жиналып отырмыз. КСРО ыдыраған соң Орталық Азияның бес елі бірден тәуелсіздік алып, өздерінің даму моделімен, стратегиялық мақсаттарын анықтаумен белсенді айналысты. Бұл оңай жол емес. Шынын айтқанда, сол жылдары өңірлік бірегейлік кейінге қалдырылды, барлығы өздерінің ішкі мәселелеріне көңіл бөлді. Тәуелсіздіктің 30 жылында Орталық Азияның барлық елдері халықаралық ынтымақтастықты жолға қойып, үлкен қалыптасу жолынан өтті», - деді Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы форумда.

Сүйінбек Қасмамбетов Орталық Азияда мүдделері бар барлық сыртқы ойыншылармен өзара іс-қимыл жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Олар: Қытай, Түркия, Ресей, Еуропа Одағы, АҚШ, Үндістан, Жапония, Корея, Иран. Бірақ басты мәселе – олардың аймаққа деген өз көзқарасы бар. Бізде мұндай ортақ көзқарас жоқ. Өңір ретінде біз біреудің күн тәртібі аясында әрекет етіп жүрміз», - деді ол.

Осы орайда спикер Орталық Азия елдерінің интеграциясы, өңірлік бірегейлігі, ортақ мәдени мұраны іске асыру аспектісіне жіті тоқталды.

«Біз географиялық тұрғыда біртұтаспыз, тілдік тамырларымыз, тарихымыз, мәдениетіміз, мұсылман әлеміне қатыстылығымыз ортақ. Бұл ретте біздің өңірлік бірегейлігіміз қалыптасу сатысында тұр. 30 жылда біз әлі де біртұтас геосаяси субъект болған жоқпыз. Сондықтан жалпы мәдени түбір хақында хабардар болу қажет. Осы тақырып бойынша пікірталас бастау керек деп санаймын. Тарихи бірегейлік туралы санаға оралу үшін зияткер элиталарды диалогқа тарту керек», - дейді С. Қасмамбетов.

Бұған дейін Өзбекстан Президенті жанындағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер институтының директоры Элдор Арипов ортақ мәдени құндылықтар мен дәстүрлер негізінде ынтымақтастықты кеңейту анағұрлым тиімді екенін айтқан еді.