Бүгін Үкімет отырысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев осылай мәлім етті.
«Алдағы жылыту маусымына сапалы дайындық үшін әкімдіктер жанындағы штабтарда келісілген мерзімдерге сәйкес жөндеу жұмыстарының атқарылуына, отын қорын қалыптастыруға, жылу желілерінің гидравликалық сынақтарын өткізуге, күзгі-қысқы жұмысқа әзірліктің паспортын алуға бақылау жасау аса маңызды. Сонымен қатар, Бірыңғай энергожүйе жұмысындағы аса өзекті мәселелердің бірі Өзбекстанның энергожүйесінен қуаттарды келісімшартсыз алуды жалғастыру болып табылады. Бұның өзі Ресейден электр энергиясын қымбат бағаға сатып алуға мәжбүрлеп жатыр. Орталық Азия елдерінің энергожүйесіне қосарлас жұмыстан шығу бойынша сәйкес шаралар қабылданбайынша, бұл жағдай күрделене бермек», - дейді Б. Жақсалиев.
Оның айтуынша, күзгі-қысқы маусымға дайындық сараптамасының нәтижелері бойынша қыркүйек айына таман жылу маусымына үлкен қиындық тудыруы мүмкін өңірлер айқындалмақ.