«Орталық Азия мен Ауғанстан кәсіпкер әйелдерінің бизнес-қауымдастығы» құрылды

None
АСТАНА. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Орталық Азия мен Ауғанстан кәсіпкер әйелдерінің бизнес-қауымдастығы» құрылды. Бұл туралы «Radisson» қонақ үйінде өткен аталмыш жобаның тұсаукесерінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан кәсіпкер әйелдерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Қазбекова мәлімдеді.

Оның айтуынша, Орталық Азия және Ауғанстан кәсіпкер әйелдерінің бизнес-қауымдастығын ашу идеясы 2011 жылы шілдеде Бішкек қаласында өткен Ауғанстан және Орталық Азия әйелдерінің Экономикалық симпозиумында туындаған.

«Қауымдастық құрудың негізгі мақсаты - Орталық Азия мен Ауғанстанның кәсіпкер әйелдері арасында мемлекетаралық экономикалық ынтымақтастық орнату» - деп атап өтті Меруерт Қазбекова.

Айта кетейік, жоба аясында шағын және орта бизнесті, соның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың қолайлы жағдайын туғызатын заңнама базасын жетілдіру мақсатында жобаға қатысушы елдердің парламентарилерін тарту, аймақтарда Қауымдастық өкілдерін ашу және олардың ынтымақтастығын ұйымдастыру, әйелдер кәсіпкерлігін тиімді дамыту үшін бизнес субъектлеріне ақпараттық-құқықтық көмек көрсету сияқты жұмыстар атқару көзделіп отыр.

Тұсаукесерге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, АҚШ, Орталық Азия және Ауғанстан елдері елшіліктерінің, үкіметтік  және қаржылық құрылымдардың, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.