Орталық Азия өңірінде гендерлік теңдік мәселесінде Қазақстан өзге елдер үшін үлгі бола алады - И.Конкиевич

АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азия өңірінде гендерлік теңдік мәселесінде Қазақстан өзге елдер үшін үлгі бола алады. Бұл туралы бүгін Астанада Орталық Азиядағы «БҰҰ-Әйелдер» көп елдік бөлімшесінің директоры Илейн Конкиевич осылай мәлімдеді.

«Қазақстанда соғы кездері гендерлік теңдік үшін өте көп жұмыстар атқарылды. Дегенмен де бұл бағытта қандай да бір шараларды қосқан дұрыс. Осы ретте, түрлі секторларда жоғары деңгейде шешім қабылдауда әйелдердің қатысуы мәселесіне назар аудару керек. Мәселен, Мәжілісте депутат әйелдердің үлесі баршылық, алайда Сенатта нәзік жандылар аз. Сонымен қатар министрліктерде, дипломатиялық корпуста әйелдер санын арттыру керек. Айта кетерлігі, экономикалық салаға тоқталатын болсақ, шағын және орта бизнесте басшы әйелдердің үлесі жоғары. Бұл тұрғыда нәзік жандылардың түрлі секторларға қатысқаны керек. Яғни, тек білім және денсаулық сақтау салаларында ғана емес, мұнымен қоса ғылым мен инженерлік мамандықтарда олардың үлесі артқаны дұрыс»,- деді ол Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын іске асырудың алдын ала қорытындыларына арналған халықаралық конференцияда.

И.Конкиевичтің пайымынша, Орталық Азия өңірінде гендерлік теңдік мәселесінде Қазақстан өзге елдер үшін үлгі бола алады.