Орталық Азиядағы бес елдің СІМ басшылары және ЕО шетел істері мен қауіпсіздік саясаты бойынша жоғарғы өкілі Федерика Могерини Орталық Азия бойынша ЕО стратегиясын жүзеге асыру аясында өңір мемлекеттері мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынас перспективаларын талқылады.
Шарада сауда-экономикалық ынтымақтастық, сонымен қатар өңірлік әрекеттестік жайы қаралды. Қатысушылар Ауғанстан, Иран, Украинадағы жағдай және өңірлік қауіпсіздік тақырыбында пікір алмасты.
ЕО Орталық Азия елдерімен есірткі тасымалы, терроризм, экстремизм сияқты қауіп-қатерлермен күресу жолындағы ынтымақтастыққа, сонымен қатар Ауғанстанды қалыпқа келтірудегі ықпалдастыққа ерекше мән берді.
Өңіраралық кездесуге қатысушылар Орталық Азия елдеріндегі адам құқықтары, азаматтық қоғам мен заңның ұлықтығын күшейту мәселелеріндегі конструктивтік өзара әрекеттестікті нығайту маңызды екеніне тоқталды.